Түркістан облысында өндірістік аймақтар саны артады

Dalanews 08 сәу. 2024 15:07 1900

Түркістан облысында инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашуға басымдық берілген. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданына жұмыс сапарында осы саладағы бастамаларды тағы бір пысықтады. Нақты айтсақ, ауданда екі өндірістік аймақ құрылады және «Бадам» индустриалды аймағы 50 гектарға ұлғаяды, деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Алдымен Шұбар ауылында өндірістік аймақ құру үшін жоспарланған 60 гектар жердің жобасымен танысқан өңір басшысы инфрақұрылым, ұйымдастыру жұмыстарын сапалы жүргізу маңызды екенін айтты. Бадам-Шұбар автожолының бойында, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінен 500 метр қашықтықта орналасқан аумақта инфрақұрылым тартылады деп жоспарланып отыр. Қуаттылығы 25 МВТ қосалқы станция, 1,5 шақырым электр жүйесі, 2,1 шақырым су жүйесі, 0,7 шақырым газ жүйесі, ұңғыма құрылысы жүргізілуі тиіс.
 
Облыс әкіміне Шұбарсу Ауылында өндірістік аймақ құру үшін жоспарланған 50 гектар жердің жобасы да таныстырылды. Мұнда да су, газ, электр жүйелерін тарту керек.
 
– Барлық аудан, қалада индустриалды аймақтарды тиімді пайдалану, жаңа өндірістік аймақтар ашу өте маңызды. Осы бағытта жұмысты күшейтуді тапсырамын. Өндіріс орындарын, кәсіпорындар ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізілсін. Инвесторлар тартыңыздар. Біз өз тарапымыздан инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетеміз. Бұл ретте мегаполиске жақын орналасқан Ордабасы ауданының әлеуеті өте жоғары, – деді Дархан Сатыбалды.
 
Облыс әкімі Ақбұлақ ауылындағы «Бадам» индустриалды аймағына да барып, жер көлемін 50 гектарға ұлғайту жобасымен танысты. Жоғарыда аталған жобалар іске асса, Түркістан облысындағы кәсіпорындар және жұмыс орындары көбейеді деген жоспар бар.
Айта кетейік, 2023 жылы Түркістан облысының экономикасына 972 млрд. теңге тартылып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 126,1%-ға артты. Оның ішінде жеке инвестициялар 705,1 млрд. теңге болса, бюджеттік инвестициялар – 266,9 млрд. теңге. Өсім динамикасы бойынша облыс республикада 3-орында тұр.
 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар