Түркістан облысында Nur Otan депутаттары аудан, қалаларды аралайды

Dalanews 05 шіл. 2021 16:25 999

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» фракциясының мүшелері Қайнар Абасов пен Сырым Ертаев Түркістанға келді. Олар «Nur Otan»  партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаевпен кеңес өткізіп, алдағы іс-сапар барысын талқылады, – деп хабарлайды Dalanews.kz «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жуырда Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп,  Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин 7-шақырылымдағы бірінші сессияның жұмысын қорытындылаған болатын. Мәлімет бойынша, жыл басынан бері Парламенттің қос палатасының бірлескен 3 жиыны, Мәжілістің 23, Сенаттың 21 пленарлық отырысы өткізілген. Қос палата депутаттары да бұл сессияда белсенді жұмыс атқарып, маңызды Заңдар қабылданған. Мәжілістегі депутаттық корпус 70 пайызға жаңарған.

Осы және өзге де мәселелерді сөз еткен Түркістан өңірінен сайланған қос депутат 7-16 шілде аралығында облыстың аудан, қалаларын аралап, халықпен жүздесетіндерін жеткізді. Мәселен Қайнар Абасов Ордабасы, Созақ, Бәйдібек, Сарыағаш аудандары мен Кентау және Түркістан қалаларын аралайды. Ал Сырым Ертаев Жетісай, Сарыағаш, Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас, Сайрам және өзге де аудан тұрғындарымен кездесуді жоспарлап отыр. Мақсат – елдегі күрделі мәселелерді анықтау және «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру барысын сараптау. Депутаттар осы іссапары арқылы өңірдің тыныс-тіршілігін бағдарлап, өзекті мәселелер бойынша депутаттық сауал әзірлеуді көздеп отыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар