Түркістан облысында мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін оқытуға 5,2 млн теңге жұмсалмақ

Қаракөз Амантай 26 қаң. 2026 11:06

Мемлекеттік сатып алу порталында Түркістан облысында мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібіне арналған семинарлар өткізу үшін 5 219 827 теңгеге лот жарияланған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тапсырыс беруші - Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы.

Порталда жарияланған мәліметке сәйкес, сатып алу мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылмақ. Лот бір қызмет ретінде рәсімделген және 2026 жылға жоспарланған.


Сатып алу сипаттамасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұранын пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларын түсіндіруге бағытталған семинарлар өткізу көзделген. Яғни, жоба мемлекеттік рәміздерді өндіру немесе сатып алуға емес, оларды пайдалану тәртібін оқытуға бағытталған.

Осыған байланысты кейбір қоғам белсенділері бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына күмән келтіріп отыр. Олар мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидалары заңда нақты бекітілген жағдайда, оны бөлек семинар арқылы түсіндіруге қомақты қаржы бөлу орынсыз екенін айтып жатыр.


Айта кету керек, Түркістан облысы республикалық бюджеттен субвенция алатын өңірлердің қатарына жатады. Осыған байланысты қоғамда бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуына қатысты сауалдар көтерілуде.

Қазіргі уақытта лот жарияланған, талқылау және өтінім қабылдау кезеңдері белгіленген. Ал бұл бастаманың қаншалықты тиімді әрі негізді екені конкурс нәтижелері мен көрсетілетін қызметтің нақты мазмұны айқындалғаннан кейін белгілі болмақ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove