Түркістан облысында жұма намазға жиналған жамағатқа жемқорлыққа қарсы түсіндіру шаралары жүргізіледі

Dalanews 21 жел. 2018 06:44 859

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің және облыстық дін істері басқармасының бірлесіп ұйымдастыруымен руханият өкілдері дөңгелек үстелде кездесті.

Жиынға Департамент басшысының орынбасары Ғ.Асанұлы, облыстық дін істер басқармасы басшысының м.а. Р.Жүнісова, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша өкіл имамы М.Ақтамберді, Түркістан облысы әкім аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ Түркістан қалалық филиал басшысы Б.Оңалбаев, Түркістан қаласының орталық мешітінің имамдары мен этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жемқорлыққа қарсы күреске бүкіл қоғамды тарту және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.

Кездесуге төрағалық еткен Ғ.Асанұлы «Елбасының әрбір Жолдауында жемқорлықтың алдын алу және онымен күресу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Сондықтан, өңірімізде сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында жүйелі шараларды іске асыру маңызды, осыған орай желтоқсан айында Түркістан облысының аумағында сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Айлық» жариялау жөніндегі бекітілген жоспары аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.

Сондай-ақ, Ғ.Асанұлы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда рухани-адамгершілік жағдайын қалыптастыруда дін өкілдерінің алатын орны ерекше екендігін атап өтіп, облыстағы барлық мешіттерге жұма намаздарға келушілерге жемқорлыққа қарсы түсіндіру шараларын жүргізуді ұсынды. Бұл ұсынысты жиынға қатысушы имамдар бірауыздан қолдады.

Жиын барысында сөз сөйлеген Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша өкіл имамы М.Ақтамберді «Жемқорлық еліміздің дамуына кедергі келтіретін кесел деп айтуға болады. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесі біздің діни басқарманың күн тәртібінен түскен емес, үнемі жамағат жиналатын орындарда уағыз насихаттарда айтылады. Бұл індетпен күресу тек мемлекеттік мекемелердің жұмысы емес, онымен бүкіл қоғам болып күресуіміз керек, сондықтан еліміздің өркендеуі жолында игі жақсы амалдарды жасауға және жемқорлық індетімен күреске бірге атсалысайық деп - сөзін қорытындылады.

Іс-шара соңында дөңгелек үстелге қатысушылар тарапынан бірқатар ұсыныс, пікірлер айтылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар