Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 700 шақырымды құрайды. Биылғы жыл қорытындысымен жақсы және қанағатты жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың үлесін 93,7 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл бағытта, биыл автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен 41,4 млрд теңге бөлінген, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңірдегі құрылыс-жөндеу жұмыстарының нәтижесінде 1061,3 шақырым жол жөндеуден өтсе, жыл қорытындысымен 560 шақырым жол пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл жөнінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттық жиналыста мәлімдеді.
Мәжілісте жолға қатысты маңызды түйткілдер айтылып, өңір басшысы осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
– Жолдардың құрылыс сапасы – басты назарда. Жол құрылысын қолға алған мердігерлер мен сапасын қадағалаушы мекемелер тиісті жұмыстарды қолға алуы тиіс. Жолды салу да, жөндеу де бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуі керек. Тұрақты қадағаланады, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Биыл аудандық маңызы бар жолдарға – 2,6 млрд. теңге бөлініп, 97,3 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Атап айтсақ, елді мекен көшелері бойынша 197 жоба н/е 584,4 шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Оның ішінде, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 98 елді мекенде жалпы 131 нысан немесе 482,5 шақырым көше жөндеуден өткізілуде. Жыл қорытындысымен 104 нысан (365 көше) немесе 325,2 шақырымы пайдалануға беріліп, индикатор көрсеткіші 70%-дан 74%-ға жетеді.