Түркістан облысындағы жаға ұстатар жайт болды. 16 жасағы қызды алып қашып, зорлап, келін қылып қойған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл оқиға жөнінде #НеМолчиKZ қозғалысы хабарлады. 2023 жылы 20 жастағы жігіт кәмелетке толмаған қызбен танысып, оны алдап көлікпен Шымкентке апарған. Телефонын тартып алып, туыстарына “енді ол Иқан ауылында келін” деп хабар жіберген. Кейін қызды зорлаған. Артынша зорлықтың барлық белгісін жойған.
Қыздың ата-анасы дереу іздеуге кірісіп, ауылға барған. 70 жастан асқан әкесіне әлгі жігіт аулада шабуыл жасаған. Айқай-шу көтерілгеннен кейін туыстары қызды алып кетіп, полицияға жүгінген.
Алайда тергеуші, прокурор және тергеу бөлімінің орынбасары қарияға “қызың өз еркімен тұрмысқа шыққысы келеді, келін болды” деп түсіндірген. Қыздың небәрі 16 жаста болғанына қарамастан, шенеуніктер “ата-анасы келісім берді” деген сылтаумен істі “номенклатураға” жіберіп, яғни қозғамай қойған.
Үш айдан кейін колледжден қоңырау шалған соң ата-анасы қызын үйіне қайтарып алған. Себебі “күйеуі” оған сабаққа баруға тыйым салған, ал стипендиясын өзіне алып отырған.
Колледж психологы қызға зорлық-зомбылық көрсетілгенін, қорланып, оқуға жіберілмегенін анықтаған. Күйеуі полицияға арыз түскен соң 3 миллион теңге “татуласу үшін” төлегеніне ашуланып, қызды сабаған.
Қыздың әкесі – 72 жаста, 15 баланың әкесі. Ол 2023 жылдан бері барлық мемлекеттік органға шағымданып, әділдік іздеп келеді. Қария полиция мен прокуратура қызметкерлері істі жасырып, өздерін алдағанын айтады.
"НеМолчиKZ" ұйымының мәліметінше, тергеуші қыздың зорланғанын дәлелдейтін сараптама қорытындысы мен арыз бола тұра істі жауып тастаған. Бұл жағдай келісім мен сыбайлас жемқорлықтың белгісі дейді белсенділер.
Адвокаттар бұл іске қатысты Шымкент қалалық прокуратурасына және Бас прокуратураға шағым түсірген.
Белсенділер зорлаушыны және оған көмектескен шенеуніктерді жауапқа тартуды талап етіп отыр.
Қазіргі таңда іс қайта қозғалды. Белсенділер Әділет министрінің орынбасары Закия Динараны бұл істі жеке бақылауға алуға шақырды.