Түркістан облысында ер адам әйелін балғамен ұрып өлтіріп, кейін өзіне қол жұмсаған

Ақтоты Жапатова 16 қыр. 2025 14:19

Түркістан облысында жантүршігерлік оқиға болды. 56 жастағы ер адам алдымен әйелін балғамен ұрып өлтіріп, артынша өзіне қол жұмсаған. Алдын ала мәліметтер бойынша, қайғылы жағдайға ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал себеп болған,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Қанды қылмыс Сайрам ауданындағы Қарамұрт ауылында болған. Әйелдің денесін алғаш болып балалары көрген. Марқұмның жасы 45-те еді.

Марқұмның туыстарының айтуынша, әйелдің денесінде ауыр жарақаттар болған, беті мен денесі соққыдан қатты зақымданған. Оқиға орнынан балға табылған. Ал күдікті күйеуінің денесі сәл кейінірек ауладағы әжетханада асулы күйінде табылды. 

Оқиғаға дейін ол аудиожазба қалдырып кеткен. Онда әйелін қызғаныштан өлтіргенін айтқан. Алайда марқұмның жақындары бұл айыптауды жоққа шығарып отыр. Олардың сөзінше, марқұм ешқашан опасыздық жасамаған, керісінше күйеуі жұмыс істемей, жиі жанжал шығарып жүрген.

- Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар атқарылуда. Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының қатаң бақылауында. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге де ақпараттар жария етуге жатпайды, - деп хабарлады Түркістан облысының ПД баспасөз қызметі.

Ерлі-зайыптылардың төрт баласы (ең үлкені – 13 жаста, ең кішісі – 4 жаста) уақытша бейімдеу орталығына орналастырылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар