Түркістан облысында биыл 34 мыңға жуық оқушы мектеп бітіреді

Жарбол Кентұлы 23 мам. 2025 12:19

Бүгінде Түркістан облысындағы 1 093 мектепте 553 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оның ішінде, 33 884 оқушы 11-сыныпты бітіріп жатыр. Олардың 2 313-і «Алтын белгіге», 2 400-і «Үздік аттестатқа» үміткер. Сондай-ақ, 9-сыныпты 45 мыңға жуық оқушы бітіреді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Өңірде тестілеуге қатыспайтын бітірушілерді «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында колледждерге оқуға тарту бойынша жұмыстар жүзеге асуда. Биыл 11-сынып түлектері үшін мектеп бітіру іс-шарасы 23 мамырда, яғни бүгін барлық мектептерде ұйымдастырылуда.

Сондай-ақ, 1-11 сынып оқушылары үшін «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаты өткізілуде. Бұл оқушылардың жыл бойы алған білімін қорытындылайды.

Қорытынды мемлекеттік емтихандар 9-сыныптар үшін 29 мамыр-10 маусым аралығында, ал 11-сыныптар үшін 30 мамыр-16 маусым аралығында өтеді. Ал, Ұлттық бірыңғай тестілеуге облыс бойынша 27 386 түлек қатысады.

Тестке қатыспайтын 6 498 түлек колледждерге барады. Сонымен қатар, биыл оқыту тіліне қарамастан 5, 6, 7, 8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен CREF стандартына сәйкес, аралық емтихан тапсырады. Бұл оқушылардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалауға мүмкіндік береді.

 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар