Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында бес жасар қызды зорлаған ер адамға жеңіл үкім шығарған судья жұмысынан кетті, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сарыағаш аудандық сотының судьясы болған Нұрғазы Шетенов қызметінен кеткені туралы бұйрыққа президент қол қойған. Құжатта Нұрғазы Шетенов "тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін" сот жюриінің шешімі бойынша қызметінен босатылғаны айтылған.
Нұрғазы Шетенов бұған дейін отставкаға кеткен болатын. Шетенов нақты қандай себепке байланысты отставкаға кету туралы өтініш жазғаны белгісіз.
Айта кетейік, былтыр шілдеде Жоғарғы соттағылар Шетенов сот төрағасы қызметінен кететінін айтып сендірген болатын. Артынша ол бір жарым айдан кейін тексеріс жүргізілгеннен кейін ғана қызметінен кетуге өтініш бергені белгілі болды.
Күдіктіге бұған дейін қандай жеңіл жаза берілген еді?
Шетенов үкім шығарған күдікті бұрын адам өлтіргені үшін 2006 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Кейіннен күдікті жазасын өтеп біткеннен кейін 2023 жылғы мамырда ішімдік ішіп отырып, ауылдасымен жанжалдасқан соң, оны балтамен ұрғаны белгілі болды. Ал судья күдіктінің жәбірленушімен татуласқанын, бұрын соттылығының жойылғанын ескере отырып, оған пробациялық бақылау белгілеумен 3 жыл бас бостандығын шектеу тағайындаған еді.
Кейіннен ер адам 2023 жылдың мамырында Түркістан облысында бес жасар қызды өлтірді және зорлады деген күдікке ілінді. Былтыр 7 қыркүйекте Шымкентте 48 жастағы күдіктіге үкім шығарылды. Сот оны 5 жасар қызды өлтіргені үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотталған адам қауіпсіздігі ең жоғары колонияда жазасын өтеп жатыр.