Түркістан облысында 40 отбасына жаңа пәтер кілті тапсырылды

Түркістан облысында 40 отбасына жаңа пәтер кілті тапсырылды
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазығұрт ауданына іссапарында тұрғын үй кезегінде тұрған 40 отбасына жаңа пәтер кілттерін тапсырды,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

Түркістан облысында тұрғындарды баспанамен қамту бағытында тиісті жұмыстар жалғасып жатыр. Осы ретте Қазығұрт ауылында 2 қабатты, 8 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары аяқталды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тұрғын үй кезегінде тұрған 40 отбасына жаңа пәтер кілттерін тапсырды.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы тұрғындарды баспанамен қамту бойынша жүйелі жұмыс атқаруды тапсырды. Өңірімізде жыл сайын құрылыс қарқыны артып, көпқабатты үйлер салынуда. Бүгін қазығұрттық тұрғындар да қуанышқа кенеліп отыр. Баршаңызды баспаналарыңызбен құттықтаймын!" – деді Нұралхан Көшеров.

Бұл үйлердің құрылысы былтыр наурыз айында басталып, жыл соңында аяқталған. Құрылысты "Урба Стандарт" ЖШС атқарды. 1 тұрғын үйде 8 пәтерден бар. Оның ішінде 1 бөлмелі 2 пәтер (36,4 м²), 2 бөлмелі 4 пәтер (59,4 және 52,2 м²) және 3 бөлмелі 2 пәтерден (74,8 м²) бар.

Айта кетейік, Түркістан облысы құрылғалы, яғни 2018-2024 жылдар аралығында 14 мыңнан аса отбасы тұрғын үймен қамтылды. Оның ішінде, коммуналдық тұрғын үймен 7 567 отбасы, ал "7-20-25" және "Отбасы банк" бағдарламалары арқылы 6 594 отбасы ипотекалық тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Осы жерде динамикаға қарайтын болсақ, жылына шамамен коммуналдық тұрғын үй қорынан және түрлі ипотекалық бағдарламалар арқылы 2 200-ге жуық пәтер табысталуда. Өткен жылдың өзінде ел 1174 коммуналдық үймен және 977 тұрғын ипотекалық үймен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.