Өңірдегі су қоймалары мен өзендердің су режиміне күнделікті мониторинг жүргізілуде. Жалпы облыс бойынша су қоймалардың орташа толуы 40-45 пайызды құрайды. Тасқын суларды қабылдауға жеткілікті қорлар бар, ал өзендердегі судың өтуі орта деңгейден төмен.
Сонымен қатар, аймақтағы тасқын қаупі жағдайын анықтау мақсатында таудағы мұздық көлдердің және қар қорының жағдайына аэровизуалды және жер үсті зерделеу жұмыстары ұйымдастырылды. Зерттеулер нәтижесінде биыл өткен жылмен салыстырғанда қардың түсуі 13 пайызға төмен екені анықталған.
Одан бөлек, Төтенше жағдайлар департаменті тұрғын үйлердің өрт қауіпсіздігін және тұрғындардың улы газдан уланудың алдын алу мақсатыда да бірқатар жұмыстар атқаруда. Жыл басынан бері аптаның әр сенбісі облыс аумағында «Тұрғын үйде өрт қауіпсіздігі» күні болып белгіленді. Осы күні департамент гарнизонының барлық жеке құрамы қала, ауыл, елді мекендердегі тұрғын үйлерді аралап улы газдан уланудың алдын алу және өрт қауіпсіздігін түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
2018-2019 жылғы жылыту маусымы басталғалы мамандар 76 мыңнан астам тұрғын үйді аралап, 302 мыңға жуық адамға түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарынан арнайы бейнероликтер көрсетіліп, қауіпсіздік шаралары ескертілуде.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі