«Құрғақшылық тек батыс өңірлерде ғана емес, Түркістан облысында да орын алды. Атап айтқанда, Келес және Сарыағаш аудандарының шаруалары осы мәселеге тап болды. Дегенмен, бүгінгі таңда өңірдегі жағдай тұрақты. Бірқатар аудан қажетті жем-жөп мөлшерін 100% жинап үлгерді», делінген хабарламада.
Түркістан облысының тұрғындары мен еріктілері облыс әкімдігінің қолдауымен Маңғыстау облысының шаруаларына көмек көрсетті.
Бұған дейін «Қазақстан темір жолы компаниясы қолдауымен Маңғыстау облысына 23 вагон шөп жөнелтті.
Бұдан бөлек, бүгін Сарыағаш қаласының теміржол стансасынан тағы 10 вагон мал азығы жөнелтілді.
«Қазіргі уақытта жергілікті еріктілер мен аграршылар Түркістан облысы әкімдігі мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қолдауымен Маңғыстау және басқа да облыстарға қосымша 40 вагон жем-шөп жіберу жұмыстарын жүргізуде. Келісімдерге сәйкес мал азығын жеткізу жұмыстары тегін жүргізілмек», делінген хабарламада.
Сонымен қатар, облыс әкімдігі және «Қазақстан темір жолы» компаниясы қажет болған жағдайда дайындалған жем-шөпті тасымалдау үшін 100 вагон ұсынуға дайын.