Урбанизация үрдісі, яғни халықтың республикалық маңызды қалаларға қоныс аударуы бірінші кезекті аталған аумақтағы халықты жұмыспен қамту мәселесіне көңіл бөлуді, екіншіден, тұрғын үй мәселесі мен әртүрлі жобаларды жасақтап, қолға алуды, іске асыру жайына баса мән беріледі.
Мәселен, бұл Шымкент қаласы үшін аталған статустың берілуі қаланың жан-жақты экономикалық бостандығы мен өсіп-өнуіне мүмкіндік алуын, сондай-ақ өз бюджетін өзі тағайындап, бөлуді әрі қаланың экономикалық қауіпсіздігі мен нәтижелі болуын қамтамасыз етудегі мүмкіндіктерді де ұсынатыны анық.
Ал Түркістанға облыс статусының берілуінің әлеуетті шешім екені айтпасады түсінікті. Түркістан қаласының дамуында түрлі жобалар мен жоспарларды ұйымдастыру қажет. Түркістан тарихи, мәдени құндылықтарды бойына сіңірген қала, сол себептен қаланы дамыту жобалары жергілікті аймақтың ерекшелігі мен ондағы қалыптасқан дәстүрге негізделуі тиіс. Сондай-ақ аймақтағы тұрғын үй мәселесі, экологиялық тепе-теңдікті сақтау сынды мәселелердің сапа жағынан дамуы басшылыққа алынғаны абзал. Бюджет тұрғысынан да бірқатар мәселелер туындауы мүмкін.
Яғни бұл тұста мемлекет тарапынан бөлінетін көмек активі әрі жергілікті инвестицияның яғни жергілікті активтің арасындағы сапалы тепе-теңдікті сақтай білу, оны оңтайлы бөлу мәселесі де жолға қойылғаны игі. Яғни бұрын Түркістан қаласы аталған облыстағы қалалардың бірі болды, ал қазір облыс орталығы болғандықтан, бюджетті бөлу мәселесі алдағы уақытта шешімін табуы тиіс мәселелердің бірі болып отыр.
Аталған мәселелердің барлығын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 5 қазанда Қазақстан халқына жасаған кезекті Жолдауында алға тартты.
Бұған дейін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан облысын дамыту жоспарына сәйкес, бірінші кезекте Түркістандағы ежелгі Күлтөбе қалашығын қалыпқа келтіру жұмыстары жасалатынын атап өтті. Облыс әкімінің сөзінше, аймақта орта ғасырдағы құрылыс нысандары Әбілмәмбет хан мен Тәуке ханның резиденциялары сынды маңызды тарихи нысандар қайта өңдеуден өтетінін алға тартты. Түркістанның тарихи-мәдени мұраларының сақталуына, аймақтың ары қарайғы әл-ауқатының жақсаруына, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сақталуына басым мән беріледі, әкімшілік іскер орталық құрылады.
Еске салсақ, осы жылдың 19 маусымында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «ҚР Әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» ҚР Заңына сәйкес, Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала статусы берілетіндігін, ал Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілетіндігі туралы қаулы етті.
Альмира МҰҚАЖАНОВА, саясаттану ғылымдарының докторы, сарапшы.