Түркістан жастары «WorldSkills Kazakhstan – 2018» ұлттық чемпионатында топ жарды

Dalanews 12 жел. 2018 12:46 891

WorldSkills – жұмысшы мамандығының мәртебесін арттыру және дәріптеу мақсатында әлемнің 82 мемлекетіне таралған халықаралық ассоциация. Оның құрамына Қазақстан 2014 жылы 70-ші қатысушы мемлекет болып тіркелген.

WorldSkills қозғалысын дамытудың негізгі мақсаты – кәсіптік білім берудегі техникалық, қызмет көрсету және құрылыс салалары бойынша қатысушылардың тәжірибелік дайындығын, кәсіптік біліктілігін, шығармашылығы мен жоғары еңбек мәдениетін, заманауи, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды іс жүзінде қолдана алу біліктілігін сынау.

Астана қаласында өткен «WorldSkills Kazakhstan – 2018» Ұлттық чемпионатына Түркістан облысының атынан 9 студент жіберіліп, оның 6-ы жүлделі орындарға ие болды.  Ұлттық чемпионаттың жабылу салтанатына ҚР Премьер-министрі Б.Сағынтаев арнайы қатысып, колледж студенттері мен білікті жас мамандарды қол жеткізген жетістіктерімен марапаттады.

Атап айтқанда, Кентау көпсалалы колледжінің студенті Искандаров Мақсат «Сантехника және жылыту» санаты бойынша, Шымкент аграрлық колледжінің студенті Шыныбек Нұрбах «Ауыл шаруашылығы машиналары мен тракторлардың слесарь-жөндеушісі» бойынша алтын медальға қол жеткізді. Сондай-ақ, Шардара қаласындағы №16 колледж студенттері Төлебаев Дәулет «Плиткамен қаптау» бойынша, Таубай Жанарыс «Құрғақ құрылыс» бойынша, ал Кентау политехникалық колледжінің студенті Халимов Өмірбек «Электроника» санаты бойынша күміс медальдарға ие болды. Сонымен бірге, «Шаштараз өнері» бойынша Мирас колледжінің түлегі Артықбай Олжас қола медальды иемденді.



Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар