Түркістан. «Ауыл – мәдениеттің бастауы» облыстық байқау басталды

Жарбол Кентұлы 04 қар. 2024 14:05 1680

Бүгін Түркістанда «Ауыл – мәдениеттің бастауы» атты облыстық байқауы басталды. Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан байқауға жалпы 200-ге тарта ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар қатысуда, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алғашқы болып Сарыағаш аудандық мәдениет үйіне қарасты 16 ұжым өз жұмысын қорғап жатыр. Аталған шара халыққа заманауи мәдени қызмет көрсету шараларын жақсартуға, мәдениет мекемелерінің жұмыс сапасын арттыру мен халық шығармашылығын дамытуға және ауылдық мәдениет мекемелерінің жұмысына қолдау көрсетуге бағытталған.

Байқауға Түркістан облысындағы мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мейіржан Алиакбаров пен осы орталықтың «Мәдени-демалыс жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің жетекшісі Мұрат Жұманов пен мәдени ұйымдастырушы маманы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Зағипа Өмірзақова қазылық етеді. Байқаудың талаптары мен шарттарына сәйкес қазылар алқасы ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың жұмысын жақсартуға байланысты барлық мүмкіндікке баға береді.

Айта кетейік, байқау «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінің конференция залында жалғасады. Онда күнделікті әр ауданнан келген қатысушылар 40 беттен тұратын 5 минуттық таныстырылым жүргізеді. Жеңімпаздарға бас жүлде, I, II, III дәрежелі жүлде қорлары және арнайы жүлделер табысталады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар