Түркістан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы Төле би ауданындағы Балдыберек ауылында салынып жатқан шағын су электр станциясы төңірегінде туындаған дауға қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы ведомство Dalanews.kz редакциясының ресми сауалына жолдаған жауабында мәлімдеді.
Басқарманың түсіндіруінше, жоба тоқтатылмайды. Қазіргі дау электр станциясының құбырын өзге компанияға тиесілі жер телімі арқылы өткізу тәртібіне байланысты туындаған. Мәселенің заңдылығын сот анықтайды.
Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің 2020 жылғы аукцион қорытындысы бойынша Төле би ауданында жалпы қуаты 4 МВт болатын екі шағын су электр станциясын салу жобасының операторы ретінде «Тауэнерго» ЖШС анықталған. Алайда аукциондық бағаның төмен болуы мен қаржыландыру мәселелеріне байланысты жоба кейінге шегерілген. Кейін жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде компания 2025 жылғы 23 маусымдағы аукцион қорытындысы бойынша жалпы қуаты 3,2 МВт болатын шағын су электр станциясын іске асыру құқығына ие болған. Қазіргі уақытта нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр және оны 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. CL26071405190243.pdf
Басқарманың мәліметінше, 14 шілдеде әлеуметтік желілерде инвесторға құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде кедергі келтірілгені туралы бейнематериал жарияланған. Осыған байланысты оқиға орнына Төле би аудандық полиция бөлімінің, прокуратураның және аудан әкімдігінің қызметкерлері барып, тараптарға қолданыстағы заң талаптарын түсіндіріп, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізген. CL26071405190243.pdf
Сонымен қатар 10 шілдеде Төле би ауданының әкімі мен аудан прокуроры "Тауэнерго" ЖШС және "Балдыберек-Агро" ЖШС басшыларын қабылдап, қолданыстағы заңнаманы сақтау және туындаған дауларды құқықтық тәртіппен шешу мәселесін талқылаған.
Басқарманың мәліметінше, қазіргі уақытта тараптар арасындағы жария сервитутқа қатысты дау Шымкент қаласы мен Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттарының өндірісінде қаралып жатыр. Сондай-ақ Төле би ауданы әкімдігі жария сервитут талаптарының орындалмауына байланысты «Балдыберек-Агро» ЖШС-не қатысты сотқа талап қою жұмыстарын жүргізуде.
Бұдан бөлек, "Тауэнерго" ЖШС өкілі Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің жеке қабылдауында болып, инвестициялық жобаны іске асыру мәселелерін талқылаған.
"Қазіргі уақытта туындаған мәселе инвестициялық жобаны іске асырудан бас тартуға емес, жария сервитутты қолдану тәртібіне байланысты азаматтық-құқықтық сипаттағы дау болып табылады. Даудың түпкілікті құқықтық бағасын сот органдары береді", - делінген басқарма жауабында.
Сондай-ақ басқарма аталған шағын су электр станциясы Түркістан облысы үшін маңызды инвестициялық жоба екенін атап өтті.
"Жобаны іске асыру Түркістан облысы үшін маңызды инвестициялық жоба болып табылады және басқарма өз құзыреті шегінде оның белгіленген мерзімде аяқталуына мүдделі", - деп мәлімдеді ведомство.
Еске салайық, бұған дейін қоғам белсендісі Айдос Игіліков әлеуметтік желіде Балдыберек ауылындағы шағын гидроэлектростанция құрылысына қатысты бейнежазба жариялаған еді. Онда инвестор жоба аяқталуға жақындаған сайын түрлі кедергілерге тап болғанын, соның ішінде гидроқұбыр өтетін аумаққа байланысты дау туындағанын мәлімдеген.