Түркістан облысы Төле би ауданының Балдыберек ауылында салынып жатқан құны 3 млрд теңге болатын шағын гидроэлектростанция (ГЭС) төңірегінде дау туындады. Жобаның жүзеге асырылуына байланысты қоғам белсендісі, журналист Айдос Игіліков әлеуметтік желіде бейнежазба жариялап, инвестордың әкімшілік және құқықтық кедергілерге тап болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Белсендінің айтуынша, жоба бүгінде шамамен 90 пайыз аяқталған. ГЭС пайдалануға берілген жағдайда 20-ға жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып, өңірдегі электр энергиясы тапшылығын азайтуға үлес қосады.
Оның мәліметінше, бұл жоба Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілген. Құрылысқа қажетті рұқсат құжаттары 2022 жылдан бастап рәсімделіп, бірнеше жылдан бері инвестордың қаржысына жүзеге асырылып келеді.
Құбырды өткізуге аудан әкімінің қаулысы бар
Бейнежазбада құрылыс жұмыстары жүріп жатқан аумақта бірнеше адамның арасында пікірталас болғаны көрінеді. Онда жоба өкілдерінің бірі гидроқұбырды аталған аумақ арқылы өткізу заңды негізде жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Оның сөзінше, құбырды өткізуге байланысты аудан әкімінің арнайы қаулысы қабылданған.
“Дәл осы құбырды өткізуге байланысты аудан әкімінің арнайы қаулысы бар. Біз жергілікті атқарушы органның нормативтік-құқықтық актісін орындап жатырмыз. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін полициядан көмек сұрап отырмыз”, – дейді ол.
Ал қарсы тарап мұндай әрекетпен келіспейтінін айтып, жерді мәжбүрлеп пайдалануға қарсы екенін жеткізді.
“Зорлықпен тартып алу жақсылыққа апармайды. Соған алаңдап отырмын”, – деді тұрғындардың бірі.
Ауыл ақсақалдары ГЭС құрылысын қолдайды
Бейнежазба авторының айтуынша, бірнеше ай бұрын құрылыс аумағында бетон қоршаулар болған. Кейін олар алынып, орнына гидроэлектростанцияның құбырларын орнатуға арналған арнайы контейнерлер қойылған.
Айдос Игіліковтың сөзінше, қазіргі уақытта гидроқұбырды тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, жайылым жерді пайдаланушылар құрылысқа кедергі келтіріп отыр.
Сонымен қатар бейнежазбада ауыл ақсақалдарының пікірлері де келтірілген. Олар жобаны қолдайтындарын айтып, электр станциясының іске қосылуы ауыл мен мемлекет үшін тиімді болатынын жеткізген.
“Электр станциясы қажет. Ол электр энергиясын өндіреді, мемлекет бюджетіне қаржы түсіреді. Бұл жобаға инвесторлар тартылған”, – дейді ауыл тұрғындарының бірі.
Тағы бір тұрғын жер мәселесіне қатысты барлық ақпарат ашық жариялануы керегін айтты.
“Жер кімнен алынды, кімге берілді – соны ашық айтсын. Біз заң үстемдік ететін әділетті мемлекетте өмір сүріп жатырмыз”, – деді ол.
Инвестор қандай мәселелерді көтерді?
Айдос Игіліков жариялаған мәліметке сәйкес, инвестор жоба аяқталуға жақындаған сайын түрлі әкімшілік және құқықтық кедергілер көбейгенін алға тартады.
Белсендінің сөзінше, бұл – Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада тіркелген ресми инвестициялық жоба. Қажетті рұқсат құжаттары 2022 жылдан бері рәсімделіп, бірнеше жылдан бері құрылыс жұмыстары жүргізіліп келеді.
Алайда инвестордың айтуынша, жоба аяқталуға жақындаған сайын түрлі әкімшілік және құқықтық кедергілер көбейген.
“Сот заңсыз деп таныған қоршаудың кесірінен құрылыс бірнеше айға кешікті. Соның салдарынан жобаның құны да артты. Кейін дәл гидроқұбыр өтетін аумаққа басқа құрылыс жүргізуге келісім берілді. Сонымен қатар өзен маңындағы жердің заңдылығына қатысты шағымдарымыз толық әрі объективті қаралмай отыр”, – деп мәлімдеген компания өкілдері.
Инвестор мұндай жағдайлардың жобаға елеулі қауіп төндіріп отырғанын айтады.
“Бұл әрекеттердің барлығы жобаның жүзеге асуына кедергі келтіріп отыр. Егер мәселе шешілмесе, кәсіпорын қаржылық қиындыққа ұшырауы мүмкін”, – дейді инвестор.
Қоғам белсендісі өз жазбасында Қазақстанда инвестиция тарту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Ол осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвесторларды қолдау жөніндегі сөзін де келтірді.
“Ірі инвесторлармен қатар орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек”, – деген Президенттің сөзін еске салған Айдос Игіліков мұндай жобаларға кедергі келтіру елдегі инвестициялық ахуалға кері әсер етуі мүмкін екенін жеткізді.