Түркіменстанда Гурбангулы Бердімұхамедов пен оның ұлы Сардардың суреті бар қол сағаттарды бюджеттік ұйымдардың басшыларының бәрі сатып алуы тиіс. Денсаулық сақтау, білім беру, күш құрылымдары, көлік және байланыс кәсіпорындары, аймақ басшылары да қымбат сағатты сатып алуға мәжбүр. Бұл жөнінде Азаттықтың Түркімен қызметі хабарлады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Лауазымды қызметте отырған басшылар 858 доллар (3000 манат) тұратын сағатты сатып алуы қажет. Сағатта екі сурет жапсырылған. Ал шағын бюджет ұйымдарында істейтіндерге сағат арзанырақ сатылады - 1500 манат.
Жергілікті бір мекемеде істейтін қызметкердің сөзінше, оған мектеп директорлары мен орынбасарлары, ауыл медпункттерінің басшылары кіреді. Ал құқық қорғау органдары, аурухана бас дәрігерлері және басқа да ірі мекемелердің жетекшілері лауазымды қызмет атқаратындықтан 3000 манаттық сағаттан алады.
Түркіменстанда жеке басқа табыну дәстүрі баяғыдан қалыптасқан. Елде президент суреттері бар сағаттар үнемі шығарылып тұрады.
Түркіменстанда мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері түрлі себептермен ақша жинауға мәжбүр. Президент кітаптарын, оның суреттерін де солар сатып алады. Осы уақытқа дейін Гурбангулы Бердімұхамедов 70-ке жуық кітап жазып тастаған, ал оның ұлы Сердар әзірге екі кітап шығарған.
«Мына сағаттарды Қытайда тапсырыспен жасатқан, сосын оларды елге алып келіп, халықты сатып алуға мәжбүрлейді. Сағат саудасын ұлттық қауіпсіздік министрлігінің органдары арқылы бақылайды» дейді жергілікті бір мектептің директоры.
Түркіменстан авторитар басқару нысанындағы ең жабық мемлекеттердің бірі саналады.