Түркменстандағы тойларда енді тек түрікмен әндерін және Гурбангулы Бердімұхамедовтің әндерін ғана қосуы қажет, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы жергілікті түрлі БАҚ хабарлады. Яғни енді үйлену тойларында шетелдік әндерді қоюға тыйым салынып отыр. Сонымен қатар, биліктің талабы бойынша рұқсат етілген әндердің ішінде бұрынғы президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің әндеріне ерекше назар аудару керек.
Елдегі Балканабад және Туркменбаши қалалары көпұлтты мекен болып саналады. Енді олардың бәрі қандай да бір жиында биліктің талабын ескеріп, тек түрікмен тіліндегі әндерді қоюы тиіс.
"Мейрамханалардағы үйлену тойлары тек түрікмен музыкасының сүйемелдеуімен, ал үйлену тойлары түрікмен стилінде өтуі керек. Болашақ жас жұбайларға бұл туралы АХАЖ бөлімінде өтініш берген кезде ауызша ескертіледі", - дейді қала тұрғындары.
Той салондары, банкет залдары мен мейрамханалардың қызметкерлері де жаңа талаптан хабардар.
Жергілікті тұрғындардың сөзінше, бірнеше той жаңа талап бойынша өтіп үлгерген. Сонымен қатар, жастар мен тойға келген қонақтардың қалауы ескерілмей, өзге ұлт өкілдері өз тілінде ән тыңдай алмаған кездер де болған екен.