Түркияда әскери тікұшақ құлап, төрт адам қаза тапты

Түркияда әскери тікұшақ құлап, төрт адам қаза тапты
Видеодан кадр: x.com/ScopeReport

Түркияның Малатья провинциясында әскери тікұшақ апатқа ұшырап, төрт әскери қызметші қаза тапты. Қайғылы оқиға туралы ақпаратты елдің Қорғаныс министрлігі ресми түрде растады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әуе апаты 12 қараша күні Түркияның Малатья провинциясына қарасты Ешильюрт ауданында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Түркия қарулы күштеріне тиесілі S-70 үлгісіндегі әскери тікұшақ Саманкөй елді мекенінің маңында белгісіз себептермен құлаған.

Тікұшақ бортында төрт әскери қызметші болған. Олардың барлығы апат салдарынан қаза тапты. Түркияның Ұлттық қорғаныс министрлігі қайғылы оқиғаны растап, қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтты.

"S-70 үлгісіндегі тікұшағымыз Малатьяда әзірге анықталмаған себеппен апатқа ұшырады. Соның салдарынан бортта болған төрт әскери қызметшіміз қаза тапты", – делінген министрлік мәлімдемесінде.

Оқиғадан кейін апат орнына өрт сөндірушілер, жедел жәрдем қызметкерлері мен құтқарушылар жіберілді. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, тікұшақ жерге құлағаннан кейін өрт шыққан. Мамандар апат орнына жетіп, жалынды сөндіруге және ұшақ сынықтарын тексеруге кіріскен.

Әлеуметтік желілерде қайғылы оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар да тарады. Кадрлардан тікұшақтың өртенген қалдықтары мен сол жерде жұмыс істеп жатқан төтенше жағдайлар қызметкерлерін көруге болады.

Апаттың нақты себебі әзірге белгісіз. Түркияның Малатья қаласындағы прокуратурасы оқиғаға байланысты тергеу бастады. Тергеу аясында тікұшақтың қандай жағдайда құлағаны және әуе апатына не себеп болғаны анықталмақ.