Бақытжан Базарбек қуанышты жаңалығын жариялады

Бақытжан Базарбек қуанышты жаңалығын жариялады
Фото: t.me/mazhilis_kz

Мәжілістің бұрынғы депутаты, заңгер Бақытжан Базарбек «Халық сүйіктісі» ұлттық сыйлығының жеңімпазы атанды. Ол "2026 жылдың үздік Парламент депутаты" номинациясында үздік деп танылып, әлеуметтік желіде қуанышын бөлісті, деп dalanews.kz тілшісі Kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Бақытжан Базарбек Facebook парақшасында жариялаған жазбасында бұл марапаттың өзі үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Экс-депутаттың айтуынша, халық тарапынан көрсетілген қолдау мен сенім оның Парламентте атқарған жұмысына берілген баға іспетті.

"Халықтың мүддесін бірінші орынға қоятын мен үшін бұл марапаттың орны ерекше. Өйткені бұл – халықтың маған берген бағасы, еңбегіме көрсеткен құрметі", – деп жазды ол.

Базарбек депутаттық қызметі барысында қоғамдық мәселелерді көтеріп, азаматтардың мүддесін қорғауға басымдық бергенін жеткізді. Ол осы жолда түрлі қиындықтарға тап болғанын да жасырмады. Соған қарамастан, халық алдындағы жауапкершілікті басты ұстанымдарының бірі ретінде сақтағанын айтты.

"Биліктің сүйіктісі болмасам да, халқымның сүйіктісі болуға тырыстым. Сол сара жолда талай сыннан өтсем де, халқымның мүддесі әрдайым жүрегімнен орын алды. Бүгінгі марапат – соның бір дәлелі деп білемін", – деді экс-депутат.

Бұрынғы депутаттың сөзінше, өзі үшін марапат пен атақтан гөрі Парламентте атқарған жұмысының нақты нәтижесі әлдеқайда маңызды. Атап айтқанда, ол заңнаманы жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайту бағытындағы еңбегінің ел өміріне қаншалықты пайда әкелгеніне мән беретінін жеткізді.