Тұрғындар Car City көлік базарын қала сыртына шығаруды өтінуде - Алматы әкімдігі

Dalanews 13 қаз. 2022 13:47 687

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесуінде аудан басшылығы мен прокуратураға Car City көлік базарын тексеруді тапсырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тұрғындардың бірі базар маңындағы аулаларда көліктердің жиналып қалғанын, сол себепті азаматтардың көлік қоятын жер тұрмақ, жаяу жүруіне де орын жетпей жатқанын айтып шағымданған. Қала тұрғыны нысанды қала сыртына шығаруды өтінді.

Өз жауабында мегаполис әкімі мәселенің өзекті екенін атап өткен. Әкімнің сөзінше, Алматыдағы 56 базар қала сыртында орналасуы керек.

"Біз бұл мәселемен айналысып жатырмыз, бірақ оны шешу оңай емес, бірінші кезекте меншік құқығына байланысты. Жерге меншік құқығы актілері жасалып, әлдеқашан беріліп қойған. Объектіні жылжыту үшін дайын орын болуы керек және оның орнына иесіне бірдеңе ұсыну керек. Дегенмен, бұл ештеңе істеу мүмкін емес дегенді білдірмейді", – деді Досаев.

Ол жалға алынған жер телімдерінің көбіне басқа мақсатта пайдаланылатынын айтып, электр желісінің астындағы көлік жөндеу орындарын мысалға келтірді. Мұндай нысандарды алып тастауға да жоюға да болады, деп атап өтті қала басшысы.

"Қызмет түрі бойынша алдымен ненің заңды, ненің заңсыз, ненің мүмкін, ненің мүмкін емес екенін анықтап алу керек. Кіші нәрседен бастап тәртіп орнатайық. Аудан әкіміне прокуратурамен бірлесіп, осы іске кірісуді тапсырамын", – деп түйіндеді Ерболат Досаев.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар