Тұрғымбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалғаны расталды

Көркем Алдабергенова 20 нау. 2024 12:11 6111

Ішкі істер министрінің экс-басшысы Ерлан Тұрғымбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалғаны расталды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл ақпаратты қазіргі Ішкі істер министрлігінің басшысы Ержан Сәденов растады.

«Бұл істі Ішкі істер министрлігі тергеп жатқан жоқ.  Сондықтан қандай іс, қандай бап бойынша іс жүріп жатқанына пікір білдіре алмаймын», - дейді Сәденов Мәжіліс кулуарында.

Бұған дейін бірнеше БАҚ бұрынғы ішкі істер министрі Тұрғымбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатын. Деректерге сүйенсек, оған қатысты 361-баптың 1-бөлімі ("лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану") бойынша іс қозғалған, яғни Қаңтар оқиғасы кезінде қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деп айыпталып отыр екен.

orda.kz мәліметінше, тергеу нысанында бұрынғы ішкі істер министрінен бөлек Талдықорған полициясының бұрынғы бастығы Асқар Нұрсапа, Қарасай ауданының бұрынғы полиция бастығы Болат Тотыбаев және басқалары бар.

Ерлан Тұрғымбаев 2012 жылдан бері ішкі істер министрінің орынбасары, 2019 жылдан бері ішкі істер министрі қызметтерін атқарды.

Ал 2022 жылы оның қызметтен кеткені белгілі болды.

Айта кетейік, бұған дейін де бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қаңтардағы тәртіпсіздік бойынша күдікті екені туралы ақпарат тарады. Бірақ ол кезде ҚР Бас прокуратурасы мұны растамады.

"Бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев күдікті емес. Ол Бас прокуратураның ведомствоаралық тергеу және жедел тобы тергеп жатқан қылмыстық іске куәгер ретінде жауап берді", - деп хабарланған еді сол кезде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар