Өз кезегінде ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев көлік ұрлығымен күресті Еуразиялық Одақ шеңберіндегі әріптестерімен тізе қосып жүзеге асыратынын алға тартты. Одаққа мүше елдер алдағы уақытта ортақ база дайындап, темір тұлпарды бармытылаушылармен күресуді көздеп отыр. Статистикалық мәлеметтерге көз жүгіртетін болсақ, Қазақстанда ұрланған көліктердің 85 пайызы Ресейге бағытталады екен. Ал қалғандары Одаққа мүше өзге елдердің нарығында қосалқы бөлшек ретінде саудаланды.
– Алдағы уақытта ескі және апатты жағдайдағы көліктің иелері пайдалануға жарамсыз болып қалған көліктерін қосалқы бөлшекті саудалаушыларға сатқанда, оларға көліктің техпаспортын қоса тапсыруы тиіс. Сол кезде біздер базарда саудаланып жатқан ескі қосалқы бөлшектердің ұрланған көліктің бөлшегі емес екеніне көз жеткізетін боламыз, – дейді министр Ерлан Тұрғымбаев.
Иә, елімізде автокөлік ұрлығының ушыққанын қалмаймыз. Осы ретте Ішкі істер министрлігінің жаңа бастамасы көлік ұрлығына қаншалықты тыйым болады деген сұрақ туындайды.
Біздіңше, жаңа бастаманың көлік ұрлығына қатысы жоқ секілді. Оның үстіне базарларда саудалынып жатқан ескі қосалқы бөлшектердің көпшілігі Еуразиялық Одаққа мүше елдерден келеді деп кесіп айту қиын. Ескі бөлшектердің басым бөлігі Еуропа елдерінен келеді. Оны ұрлық деп айтуға аузың бармайды.
Жалпы, базарларда орта деңгейдегі шетелдік көліктердің қосалқы бөлшектері саудаланатыны белгілі. Көлік ұрлайтындар ұрылар 2000 жылға дейінгі көліктерді ұрлап, қолдарын бұлғамасы анық.
Ұрласа байлар мінетін айғырдай Крузактарды ұрлайды. Сондықтан «Еуразиялық одақтың ұрылары көліктерді жаппай ұрлап, бөлшектеп сатып жатыр» деген сөз қисынға келмейді.
Есік пен төрдей джип мінетін шенділер көліктері ұрланған соң осындай қадамға барып отыруы мүмін.
Сонымен қатар біздің нарықты Ресейдің арзан сапасыз көліктері жаулап алғаны белгілі. Ал ұрылар орыстың спасыз көліктеріне мұрын шүйіріп те қарамайды.
Қазақстанда олардың жаңа қосалқы бөлшектерін саудалайтын ресми диллерлер жетеді. Өзі қалт-құлт етіп тұрған орыстың көлігінің ескі бөлшегі келесі бір көлікті жамап-жасқауға келмейтіні анық. Орыстың көлігін тізгіндеп жүрген жұрт жаңа қосалқы бөлшекті алады. Өйткені, жаңа бөлшектер арзан. Кез келген базардан табуға болады.
Осы бір жайттарды назарға алсаңыз, жаңа талап көлік ұрлығына қатысы жоқ екенін аңғарғандай боласың. Бір білетініміз базарда ескі көліктің бөлшектерін саудалап жүрген қарапайым саудагерлерге қиын болайын деп тұр. Бұдан кейін ескі бөлшектердің бағасы қымбаттап, халықтың жағдайы қиындай түсуі бек мүмкін.
Ал мұны ойлаған Ерлан Тұрмағамбетов бар ма екен. Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық кеңестің құзыретін кеңейтуді қолдамайтынын ашып айтты. Сол кезде Путин Тоқаевтың шапанын шешіп алғанын көрдік.
Біздің министрлер де алдағы уақытта Президентімізден үлгі алып, Еуразиялық Одақтың еліміз үшін оң жамбасына келмейтін ұсыныстарын қарсы шығып, халықтың мүддесін бәрінен де жоғары қоятын кез келді деп есептейміз.
Нұрлан ЖҰМАХАН