Әлі қабылданған жоқ бұл заң. Күн тәртібінен түспей тұрғанына біраз болды. Дін істері министрі бұл мәселені қара күзге шешіп тынбақ түрі бар.
Ендігі жерде бет-жүзін тұмшалап, пәрәнжә киіп жүргендерге 200 мың теңгеге айыппұл салынуы мүмкін. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі бет-жүзін көлегейлейтіндерге қатысты заң жобасын алдағы қыркүйек айында халық қалаулыларының алдында таныстырмақ.
Назарбаев не деп еді?
Мұны Ермекбаев бастаған жоқ. Назарбаев айтқан алғашқыда. «Қыздардың қара киім киіп, еркектердің сақал өсіруіне тыйым салынсын" деген президент. Тарқатып айтайық.
Мұсылмандар діни басқармасы өкілдерімен кездесуінде мұның себебін түсіндірген.
«Діни сауатсыздығының нәтижесінде жастарымыз сақал қойып, шалбарының балақтарын қысқартып тастайды. Қара көйлек киіп, беті-аузын тұмшалаған қыздарымыздың қатары көбейді. Бұл – біздің дәстүрімізге де, халқымызға да жат. Бұған заңнамалық деңгейде тыйым салу мәселесін пысықтау керек. Қазақ қара киімді қаралы кезде ғана киген», – деп тоқ етерін айтқан-тұғын мемлекет басшысы.
Қазір бұл іске Дін істері министрлігі мен Діни басқарма білекті түріп тастап кірісуде. Ілгеріде қара жамылып жүретіндерге 200 мың теңге айыппұл салынуы мүмкін екендігін айттық. Аталған заңның хиджабқа қатысы болмайды. Мұны министрдің өзі растап отыр.
«Хиджабқа тыйым салынбайды. Мүлдем. Хиджаб – адамның бет-жүзін жаппайтын киім. Хиджабқа қарсы ешкім ештеңе деп жазған жоқ», – дейді Ермекбаев.
Айтуынша, хиджабды пәрәнжәмен шатастыруға болмайды. Шыны керек, шатастырып жатқандар бар. Әсіресе, орыстілді ақпарат құралдарында «Хиджабқа тыйым салынатын болыпты» деген ақпарат өріп жүр...
Сосын қауға сақал мен қысқа балақ қайда қалды? Бұл да Назарбаевтың тапсырмасы емес пе еді? Ермекбаев әзір бұл туралы тіс жарған жоқ. «Бір білгені бар» деп топшыладық. Естуімізше, әзір осы мәселені министрлік мүфтияттың мамандарымен бірге талқылау үстінде екен.
Министр мақсатына жете ме?
Жаңа заңның басқа да қырлары бар. Заң жобасына сәйкес бұдан былай баласына екпе салдырудан бас тартқан ата-аналарға да жаза қарастырылыпты. Анығы, айыппұл.
Ермекбаев бұл мәселені біраздан бері көтеріп келді, негізінде. Министрдің дерегінше, бір ғана былтырғы жылы діни ұстанымдарынан аттап кете алмаған 10 мыңға жуық ата-ана балаларына вакцина салуға қарсы шығыпты.
«Бала белгілі бір жасқа толғанда дінге қатысты шешімді өзі қабылдаса құба-құп болар еді. Балалардың ата-анасы ажырасып кеткен жағдайлар болып, олардың бірі қандай да бір діни ұйымға тартылып жатады. Бала жол апатына түсіп, оған қан керек болған жағдайлар болды. Мысалы, сол кезде анасы қан құйдыртуға қарсы болды. Мұндай кезде ойланатын уақыт жоқ, адам өмірін құтқарып қалу керек. Сондықтан да, осы норманы күшейту туралы ұсыныс айтылып отыр», — деген бұдан бұрын ел алдында есеп берген министр.
Ермекбаев екі сөйлемейтінін аңғартып отыр осы арқылы. Заң жобасы депутаттар қолдауын тапса, екпеден бас тартқан ата-аналар 20 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді.
Тоқ етерін айтқанда, заң қатаңдайды. Талап күшейеді. Заңды орындамағандар айыппұл төлеуге мәжбүр болады.
Жаңа құжат жайында ел-жұрт не ойлайды ?
Айдос Сарым, саясаттанушы:
Қысқа да нұсқа айтайын. Дінді өзің үшін ұстан. Алланың жолында жүргеніңді басқа біреуге міндет етпе.
Менің ойымша, бала кәмелеттік жасқа толмайынша, оған санасына қандай бір діни наным-сенімдерді күштеп, қинап тықпалаудың қажеті жоқ. Кәмелеттік жасқа толғаннан кейін адам өзінің алған ілімімен ұстанымына сай таңдау жасау керек. Сол себепті, өз басым кішкентай балаларға намаз оқытуға, хиджаб кигізуге немесе дінге қатысты басқа да талаптарды орындатуға қарсымын.
Дулатбек Қыдырбекұлы, саясаттанушы:
Біз – зайырлы мемлекетпіз ғой. Демек, дінге қояр талабымыз да зайырлы мемлекеттің ұстанымына сай болуы керек. Бет-аузын тұмшалауға тыйым салу – бір жағынан қателік. Демократиялық қағидаларға қайшы. Бірақ дәл қазір мемлекет мүддесі бұдан жоғары тұруы тиіс. Солай емес пе?
Соңғы кездегі оқиғалардың өзі мұндай заңды қабылдауды талап етіп отыр. Мен білсем, елімізде Ата заңды мойындамайтын, шариғаттың өлшемдерімен өмір сүретіндер бар. Олар жұрттан жырақта жүре алмайды қайткен күнде. Заң алдымен осындай азаматтардың ой-пікірін өзгертуге бағытталуы тиіс.
Ағабек Қонарбайұлы, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкілі:
Жақын арада Діни басқарманың бастамасымен мұсылмандардың ортақ киім үлгісі пайда болады. Басқарма қыз-келіншектердің дәстүрден озбай, діннің талаптарына сәйкес киінуін жауапкершілігіне алғалы отыр.
Бүгінгі таңда медреседе оқып жатқан қарындастарымызға ашық түсті орамал, көк түсті киім үлгілерін дайындап жатырмыз. Осынау киім үлгілері ең алдымен шариғатқа сай, дәстүрімізге де қайшы келмейді. Бастысы қоғам алдында оғаш көрінбейді.
Сосын мұсылман қыз-келіншектерге киім кию үлгісінде шариғат талаптарын сақтай отырып және қазақ халқының салт-дәстүрлерін ескеріп, жинақы киінуге кеңес берудеміз. Қара түсті киім-кешектердің, атап айтқанда, пәрәнжәнің дәстүрімізге жат, ата-бабаларымыздың жолы еместігін айтып ұғындырудамыз.
Сақал қоюға қатысты да жұмыс жүргізіп жатқан жайымыз бар. Сақал қоюдың өзіндік әдебі мен мәдениеті болатынын жамағатқа ақпараттық тұрғыдан ұғындырып жатырмыз.
Досай КЕНЖЕТАЙ, дінтанушы:
Гәп мынада ғой...киімге салынған шектеумен діннің төңірегіндегі мәселелер шешіле ме? Тыйым салу өз алдына. Неге десеңіздер? Бұл – сыртқы көрінісі. Иә, мемлекет заң шығарғаннан кейін сен ол киімді қайта кимеуің мүмкін. Сақалыңды қыруың, қысқа шалбарды тастауың да ғажап емес.
Бірақ бұдан әлгі адамның ішкі жан дүниесі өзгере ме? Рухы, тілі, ділі, жүріс-тұрысы түзеле ме? Қара киім өз алдына, қысқа балақ өз алдына, дәл бұған келгенде мемлекет тыйым сала алмайды оларға. Себебі, адамның ішіне кіріп шыға алмайды. Сырттан келіп жатқан қазақтың түсінігіне, тұрмысына жат құндылықтармен күресте әлі де болса, сауатты шешім қабылдау керек. Мемлекет басшысы бекер айтқан жоқ қой: «…терроризммен күресеміз деп, исламмен күресіп кетпеңдер», – деп. Осыны ескеру керек.
Мемлекет қазір зайырлылық принциптерін жетілдіргелі жатыр. Бұл қандай жолмен жүреді? Зайырлылықты жетілдіру үшін бұған таза ғылыми тұрғыдан тоқталу қажет. Кешегі кеңестік заманда жұмыс істеген әдіс тәсілдер қазіргі күнге келмейді. Олардың өзектілігі өлген. Зайырлылық – атеизм емес, өйткені.
Әбдікәрім Момынов, дінтанушы:
Кейбір мұсылман елдерінің қыз-келіншектері бетін тұмшалап жатса, бұл – олардың жағрафиялық, климаттық немесе тарихи-мәдени мәселелерімен байланысты деген сөз. Соған үңілуі керек. Сол сияқты қазақтың да өзіндік салт-дәстүрі, ұлттық болмысы бар. Ендеше басқа елдердің киім үлгісін қайталаудың, оларға еліктеудің пайдасы қанша? Мемлекет басшысы да әрдайым айтып жүр мұны. Қазақтың дәстүрлі киімін кием деушілерге ешқандай қарсылық жоқ.
Ұлттық ерекшеліктер өз алдына адамның қара киімді тегіннен тегін кимейтінін ескеру керек. Әйел баласы бетін тұмшалап алса, ерлер жағы қысқа балақпен жүрсе, мұның бір себебі бар деген сөз. Жайдан-жай жасалмайды. Балақ қысқарту, сәләфиттерге тән сақал өсіру елдің назарын бірден аударады. Қоғам қауіптенеді бұдан.
Одан да қауіпті жағы бар. Мұндай жолға түскен адам бұл образды басқаларға да таңуы мүмкін ғой? Солай емес пе? Бұдан кейін әлгі адам мен қоғамның арасында қайшылықтар туындайды. Ал мұның арты неге алып келетінін бәріміз білеміз. Дін істері министрлігі тарапынан ұсынылған жаңа құжат осынысымен өзекті.
Бақытжан Сатершинов, философия ғылымының докторы, профессор:
Бірінші, мынаны түсіну керек. Ирандағы немесе Сауд Арабиясындағы бет-аузын тұмшалаған киім – барша мұсылман әйелдерге міндетті киім үлгісі емес. Бұлар аталған елдердің салт-дәстүрлері мен менталитетіне сай таңдалған.
Екіншіден, Құранда әйел баласының киетін киімінің нақты формасы айтылмаған. Әйелдер дене-тұрқын қатты кескіндемейтін кең, екі қолы, бет-әлпеті, тобығының төменгі жағынан бөлек басқа барлық жерін жабатын кез-келген киім үлгісін таңдап кие алады. Жалпы Ислам діні эстетикаға сай киім үлгісіне қарсы емес. Мұны да білу керек.
Үшіншіден, тарихты оқыған болсаңыз, кезінде әр өңірдегі қазақ әйелдерінің өзіндік киім үлгілері болған. Жас ерекшелігіне қарай оларға арнап орамал мен кимешек үлгілері тігілген. Өкініштісі, қазір мұның көпшілігі ұмыт қалды.
Меніңше, қазіргі күні жұртқа әуелі орамалды, жамылғыны емес, жалпы діни сауаттылықты көтеретін иман мәселелерін, сенім негіздерін насихаттау керек. Иман мәселесі шешімін тапқан ортада діннің кез-келген бұйрықтары мен тыйымдары жеңіл шешіледі.
ЕРМЕКБАЕВ НЕ ДЕЙДІ?
Пәрәнжә? Бұл – біздің мәдениетімізге және салт-дәстүрімізге жат нәрсе. Өйткені, қазақ әйелдері бет-әлпетін жабатын қара киім кимеген. Оның үстіне бұл мәселеде киімнің ыңғайлылығына, оның тиімділігіне қарау керек. Адамның сенімі, оның иманы берік болса, ешқандай киім немесе сыртқы көріністер ықпал ете алмайды. Елбасының айтқан сөздерінің мағынасы да – осы.
Ұлы Абай айтқандай, «Алла деген сөз – жеңіл, Аллаға ауыз – қол емес. Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі хаққа жол емес». Иман ең алдымен адамның жүрегінде болуы керек. Қандай бейнемен жүру, бұл әрине, әр адамның өз құқығы. Бірақ теріс ағымдардың жетегінде жүргендер осындай киім кию арқылы осы мемлекеттің құрылымымен және саясатымен келіспейтінін, қоғамға қарсы екендіктерін көрсеткісі келеді.
Дайындаған Думан БЫҚАЙ