Алматы облысының Балқаш ауданында полиция қызметкері адам қағып кетті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қайғылы оқиға 16 мамыр күні Қонаев – Бақанас тасжолының 84-шақырымында тіркелген. Мәліметтерге сүйенсек, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары қызметтік Hyundai Elantra көлігін басқарған.
Polites.news мәліметінше, көлік ішінде оның жұбайы да болған. Оқиға алдында ерлі-зайыпты арасында жанжал шыққаны айтылады.
Тергеу нұсқасына сәйкес, әйел адам жол үстінде отырған. Жүргізуші оны байқамай қалып, қағып кеткен. Әйел алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.
Оқиға орнына полиция мен прокуратура қызметкерлерінен құралған жедел-тергеу тобы барған.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Сондай-ақ қызметтік көліктің жол парағы арқылы пайдаланылғаны анықталған.
Қазір іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.