Тудың "талағын" шығаруға ешкімге жол жоқ - депутат Сайыров

Сағыныш Сардарова 28 нау. 2025 11:33 13973

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров әлеуметтік желіде тараған даулы суретке қатысты пікір білдірді. Кадрда Ту ұстап, тұмшаланып суретке түскендер көрінеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сайыров Туды бұлай қорлауға жол берілмейтінін мәлімдеді.

"Қазақстан Республикасының Жалауы - еліміздің Тәуелсіздігінің, мемлекеттің бұлжымастығының, Отанымыздың зайырлығының басты символы! Қазақстанның Туын мына тәрізді "талағын" шығаруға ешкімге жол жоқ! 
Бүгінде, мына алай-дүлей заманда Қазақстан Республикасының зайырлығы табиғатына, қазақ халқының ұлттық өзін-өзі сезіну деңгейіне сырттан да, іштен де әсер етуге тырысушылық артып барады. Әртүрлі жымысқы Сыртқы күштер еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму дәрежесін төмендетіп, Қазақстанның ішкі өміріне сыртқы факторларды таңып, нық дамып келе жатқан біздің қоғамға сызат түсіруге тырысуы анық. Иә, елімізде басқа қатарлы елдерге тән әлеуметтік-экономикалық проблемалар бар болуы мүмкін. Жаһандық заман сондай болып тұр", - деді депутат.
 
Ол бұл дерек бойынша қатаң шара қолдануға шақырды.
 
"Мына турбулентті заманда Қазақстан өзінің ішкі қайталанбас әлемі бар, азаматтары ашық-жарқын, білімге құштар, еркін ойлай білетін мемлекет ретінде даму үстінде! Кейбір ішкі және сыртқы күштерге Қазақстанда осындай еркін ойлы, интеллектуалдық дәрежесі жоғары, жаңашылдыққы бейім ұлттың қалыптасуының өзі таңсық болуы мүмкін. Сондықтан біздің ұлттық код пен мемлекеттің еркін табиғатын өзгертуге жымысқы әрекеттер бар екендігі анық! Бізге араб болып, мемлекеттің формасын өзгертуге, жастардың басын айналдырып, фундаментализмге баулуға жол беруге болмайды!
Мына біздің қасиетті Туымызды қорлау фактісі бойынша құқық қорғау органдары қатаң тексеру жүргізіп, Заң бойынша қатаң шаралар қолдануы тиіс!" - деді депутат.
Желіде дау тудырған сурет не туралы?

Суреттегілер Сауд Арабиясы туының элементтері бар Қазақстан Туын ұстап тұрғаны көрінеді. Ал сурет Атырау қаласындағы Хиуаз Доспанова атындағы Мұз сарайында түсірілген болуы мүмкін.

Құқық қорғау органдары болған оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу барысында ұсталғандарға көптеген сұрақ қойылуы мүмкін: бұл Туды қайдан алды, оны қандай мақсатта пайдаланды және неге әлеуметтік желілерде жариялады, т.с.с.?

Қандай жаза төніп тұр?

Қазақстан заңнамасына сәйкес мемлекеттік рәміздерді қорлау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

Қылмыстық кодекстің 372-бабы бойынша мұндай әрекет үшін үш мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, сол сомаға түзеу жұмыстары, 900 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар