Трамп Иранмен арадағы тыныштық келісімінің уақытын ұзартты

Көркем Алдабергенова 22 сәу. 2026 09:14

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен арадағы уақытша бітімді оның басшылығы мен өкілдері ортақ ұстанымға келгенге дейін ұзартатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол 22 сәуірге қараған түні Truth Social платформасында жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Трамптың айтуынша, Иранға соққы беруді уақытша тоқтатуды Пәкістан билігі сұраған. Бұл ел АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерде делдал болып отыр. Сондай-ақ ол Иран үкіметі ішінде айтарлықтай алауыздық бар екенін атап өтті.

Ақ үй басшысы мәлімдемесінде Асим Мунир мен Шахбаз Шариф тарапынан да осындай өтініш түскенін жеткізді.

Сонымен қатар, Трамп АҚШ армиясына Ормуз бұғазы маңындағы блокаданы жалғастырып, толық жауынгерлік дайындықты сақтауды тапсырғанын айтты.

Бұған дейін ирандық Tasnim агенттігі Тегеран 22 сәуірде Исламабад қаласында өтуі тиіс келіссөздердің екінші кезеңіне қатысудан түбегейлі бас тартқанын хабарлаған. Иран тарапы мұндай келіссөздерді «уақытты босқа жоғалту» деп бағалап, АҚШ-ты «шектен тыс талаптар қойып отыр» деп айыптады.

Ал Axios Израильдегі дереккөзге сілтеме жасап, АҚШ Иранның жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи тарапынан ұсынылған шарттарға жауап күтетінін жазды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove