Трамп Украинадағы соғысқа кінәлі үш адамды атады

Көркем Алдабергенова 15 сәу. 2025 09:38 1718

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғыстың басталуына үш адам кінәлі деп санайды: Ресей президенті Владимир Путин, АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден және Украина президенті Владимир Зеленский. Америкалық көшбасшы бұл туралы 14 сәуір, дүйсенбі күні Ақ үйдегі баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Трамп тағы да өзінің президенттігі тұсында «Путиннің Украинаға қарсы соғыс туралы ойына да кіріп-шықпағанын» қайталап, ал өзінен бұрынғы президент Байден соғысты «мұнай бағасын төмендету арқылы» тоқтата алатынын, бірақ оны жасамағанын айтты.

«Енді не істейміз? Бізде территориясының 25 пайызын және ең жақсы жерлерін жоғалтқан, миллиондаған адам қаза тапқан ел бар... Бұл – Байденнің соғысы, мен оны тоқтатуға тырысып жатырмын. Біз бұл бағытта жақсы жұмыс істейміз деп ойлаймын. Осыны жүзеге асырамыз деп үміттенемін», – деді ол.

Одан әрі АҚШ президенті Украинадағы соғысқа жол бермеуге болатынын, «Байден де, Зеленский де оны тоқтата алатынын, ал Путин соғысты бастамауы тиіс болғанын» айтты.

«Барлығы кінәлі», – деп түйіндеді Трамп.

Осыдан кейін Ақ үй басшысы «миллиондаған адамның қазасына үш адам кінәлі» деген сөзін тағы бір мәрте қайталады.

«Айтайықшы, бірінші – Путин. Екіншісі – не істеп жатқанынан мүлде хабары болмаған Байден. Үшіншісі – Зеленский. Ал менің қолымнан келетіні – мұны тоқтатуға тырысу. Мен кісі өлімін тоқтатқым келеді. Біз бұл тұрғыда жақсы жұмыс істеп жатырмыз деп ойлаймын. Жақын арада сіздерге өте жақсы ұсыныстар түседі деп санаймын», – деді Трамп.

Журналист сондай-ақ Трамптың Сумы қаласына жасалған соққы туралы айтқан сөзін түсіндіруін сұрап, оның бұл оқиғаны «қателік» деп атағанын еске салды. «Қателік – соғыстың басталуына жол беру еді», – деп жауап қатты Трамп.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар