Трамп Ресейге қарсы санкцияларды тағы бір жылға ұзартты

Көркем Алдабергенова 20 ақп. 2026 12:36

Ресейге қатысты санкциялық режимі тағы бір жылға ұзартылды. Бұл режим алғаш рет АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама билігі тұсында, 2014 жылы Мәскеу Қырымды аннексиялағаннан кейін енгізілген болатын. Тиісті құжат АҚШ-тың Федералды тізілімінде жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

АҚШ президенті Дональд Трамп Украина бойынша келіссөздер жалғасып жатқанына қарамастан, санкциялардың қолданылу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдады.

Аталған санкциялық «төтенше жағдай режимі» Украинадағы демократиялық процестер мен институттарға нұқсан келтірген, сондай-ақ оның бейбітшілігіне, қауіпсіздігіне, егемендігі мен аумақтық тұтастығына қауіп төндірген жеке және заңды тұлғалардың активтерін бұғаттауға мүмкіндік береді.

Ресей мен Украина арасындағы соғысты бейбіт жолмен реттеу мәселесіне қатысты консультациялар Женева қаласында 17–18 ақпан күндері өтті. Ресей делегациясының басшысы Владимир Мединский бұл кездесулерді «ауыр, бірақ іскерлік сипатта өтті» деп бағалады. Оның айтуынша, келіссөздердің келесі кезеңі жақын уақытта өтеді, алайда нақты мерзімі әзірге айтылған жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove