Дональд Трамп пен Си Цзиньпин Бейжіңде келіссөз жүргізе бастады. Кездесу Халық жиналыстарының Үлкен залында өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Трамп Қытайға соңғы тоғыз жылдан кейін алғаш рет барып отыр. Ол Қытайда үш күн болып, сапар аясында Қытай басшысымен жеке кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қытай Халық-азаттық армиясының құрмет қарауылын тамашалап, әскери бөлімшелердің шеруін бақылаған.
Келіссөз кезінде Си Цзиньпин Қытай мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасқа тоқталып, екі елдің серіктес болуы маңызды екенін айтты.
«Қытай мен АҚШ қарсылас емес, серіктес болуы керек. Екі мемлекет ортақ жетістік пен өркендеуге бірге ұмтылуы қажет», – деді Қытай төрағасы.
Оның сөзінше, екі ел арасындағы текетірес екі тарапқа да зиян келтіреді. Сондықтан Бейжің бен Вашингтон бәсекелес емес, әріптес ретінде әрекет етуі тиіс.
Ал Дональд Трамп АҚШ-тың Қытаймен сауданы «толықтай өзара тиімді негізде» жүргізетінін мәлімдеді.
«Сіздің досыңыз болу – мен үшін құрмет. Қытай мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдан да жақсы болады», – деді Трамп.
Кездесуден кейін Дональд Трамп қысқа үзіліс жасайды деп жоспарланған. Ал кешке Си Цзиньпин америкалық көшбасшының құрметіне мемлекеттік банкет ұйымдастырады. Қабылдауға Қытай шенеуніктері, саясаткерлері және ірі бизнес өкілдері қатысады.
АҚШ тарапынан банкетке Трамптың өзі, мемлекеттік хатшы, президенттің ұлы мен келіні, сондай-ақ америкалық ірі кәсіпкерлер – Илон Маск, Тим Кук, NVIDIA басшылығы және өзге де бизнес өкілдері шақырылған.
Сондай-ақ АҚШ президенті Қытайға әлемдегі ірі бизнес өкілдерін ертіп келгенін айтып, бұл қадам сауда байланыстарын дамытуға бағытталғанын жеткізді.