18 наурызда Дональд Трамп пен Владимир Путин телефон арқылы сөйлесіп, Украинадағы жағдайды талқылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әңгіме не туралы болды?
Келіссөздер нәтижесінде Путин бір ай бойы энергетикалық және инфрақұрылымдық нысандарға шабуыл жасамауға келісім берді. Дегенмен, Ресей тарапы белгілі бір шарттарды алға тартты. Кремльдің хабарлауынша, бітім кезінде Украина мобилизация жүргізбеуі тиіс, әскери қарулану тоқтатылады, ал Киевке бағытталған әскери көмек толықтай доғарылуы керек.
Келісім аясында сарапшылардан құралған арнайы топ жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, бүгін екі тарап 175 тұтқынмен алмасуды жоспарлап отыр. Ресей гуманитарлық қадам ретінде ауыр жараланған 35 украин сарбазын босатуды ұйғарған.
Еуропа елдері бұл бейбіт бастаманы қолдап отыр. Украина Президенті Владимир Зеленский де 30 күндік атысты тоқтату туралы келісімге келді.
«Бұл – Путиннің ережесімен жүретін ойын емес. Әскери көмек жалғасады деп ойлаймын. Бізді АҚШ пен еуропалық серіктестеріміз қолдайды. Біз олармен тұрақты байланыстамыз. Серіктестер тарапынан ешқандай сатқындық болмайтынына және әскери көмектің жалғасатынына сенімдімін», – деді Зеленский.
Бірақ...
Бірақ бүгін Зеленский кешке Ресей келісімге қарамастан дрондармен азаматтық инфрақұрылымға соққы жасағанын мәлімдеді.
"Әуеде шамамен 40 “шахед” жүр, әуе қорғаныс жүйесі істеп тұр” деп жазды Зеленский сәрсенбіге қараған түні өзінің парақшасында.
Зеленскийдің сөзінше, түнгі шабуылдан қираған және бүлінген нысандар бар. Мысалы, Сумыдағы ауруханаға “шахед” түскен, Донецк облысындағы қалаларға соққы жасалған. Ол тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу үшін Ресейге қысымды үдету керектігін айтты.
Тоқаевтың реакциясы
18 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Трамп Путиннің әңгімелесуіне қатысты пікір білдірген болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путин мен Дональд Трамптың Украина бойынша телефон арқылы келіссөзінің қорытындысын құптады.Президент екі елдің көшбасшылары нақты уағдаластықтар негізінде Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аса маңызды ұзақмерзімді бейбітшілікке қол жеткізуге ниетті екендерін көрсетті деп санайды.
"Мемлекет басшысы бұған дейін барлық державаларды Украина бойынша «Бейбітшілік формуласын» әзірлеу мақсатында келіссөздер процесін бастауға шақырып, БРИКС саммитінде Қытай мен Бразилияның бейбітшілік жоспарын қолдаған болатын", делінген хабарламада.
Саясаттанушының пікірі
Белгілі саясаттанушы Ғазиз Әбішев екі жақтың риторикасы үміт ұялататынын айтты.
"Қазақстан келіссөздердің қорытындысын құптады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қос мемлекеттің көшбасшылары ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткізуге ұмтылысын көрсетті. Айта кету керек, ресми Астана қақтығыс басталған сәттен бері бір ғана ұстанымды ұстанып келеді: соғыстың мәні жоқ, тезірек келіссөздерге отыру қажет. Бұл ретте тек нақты әскери іс-қимыл аймақтарын ғана емес, жалпы Еуразия құрлығындағы ұжымдық қауіпсіздікті де талқылау маңызды.
Бұл ұстаным жаһандық қақтығыстың екі жағындағы «соғыс жеңіспен аяқталғанша жалғасуы керек» деп мәлімдеген қызу пікірдегі саясаткерлерден өзгеше. Мұндай жеңіске жету мүмкін еместігін Қазақстан басшысы бірнеше рет ашық және жабық форматта атап өткен болатын", дейді Әбішев.