Трамп Ким Чен Ынмен қарым-қатынасына байланысты Оңтүстік Кореямен әскери жаттығуларды қысқартты

Трамп Ким Чен Ынмен қарым-қатынасына байланысты Оңтүстік Кореямен әскери жаттығуларды қысқартты
BBC

ҚШ президенті Дональд Трамп Пентагонға Оңтүстік Кореямен бірлескен әскери жаттығуларды айтарлықтай қысқартуды тапсырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ол шешімін Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен қарым-қатынасымен және жаттығулардың қымбатқа түсетіндігімен түсіндірді.

Трамптың мәлімдемесі АҚШ пен Оңтүстік Кореяның жыл сайынғы Ulchi Freedom Shield әскери жаттығулары басталардан бірнеше сағат бұрын жарияланды. Жаттығулар 17-27 тамыз аралығында өтуі тиіс. Оған шамамен 18 мың оңтүстіккореялық әскери қызметші қатысады.

АҚШ президенті бірлескен жаттығулар Солтүстік Кореяға «дұшпандық сигнал» беретінін және оларды өткізуге кететін шығынның едәуір бөлігін Вашингтон көтеретінін айтты. Трамп сонымен қатар Ким Чен Ынмен қарым-қатынасының «өте жақсы» екенін атап өтті.

Президент Оңтүстік Кореяның АҚШ-тың Иранға қатысты әрекеттеріне қосылудан бас тартқанына да наразылығын білдірді. Оның сөзінше, Сеулден Иранды ядролық қарусыздандыру жөніндегі америкалық әрекеттерге қатысу сұралған, алайда Оңтүстік Корея бас тартқан.

Соған қарамастан, Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың әскери жаттығулары жоспарланған мерзімде басталды. Сеул Вашингтонмен қорғаныс саласындағы үйлестіруді жалғастыратынын мәлімдеді. Сонымен қатар Оңтүстік Корея билігі Трамптың шешімі АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы диалогты қайта жандандыруға мүмкіндік береді деген үміт білдірді. 

Солтүстік Корея АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен әскери жаттығуларын дәстүрлі түрде қауіп ретінде қабылдайды. Пхеньян бұған дейін мұндай оқу-жаттығуларды арандатушылық әрекет деп бағалап, өзінің ядролық тежеу әлеуетін күшейтетінін мәлімдеген.