Трамп Иранға қарсы жаңа соққылар жасауға дайын екенін мәлімдеді

Трамп Иранға қарсы жаңа соққылар жасауға дайын екенін мәлімдеді
pixabay.com

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен жүргізіліп жатқан дипломатиялық келіссөздер нәтиже бермеген жағдайда Вашингтон Тегеранға қарсы ауқымды әскери соққыларды қайта бастауға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Axios басылымына берген сұхбатында Трамп АҚШ бірнеше апта бұрын жоспарланған әскери операцияны уақытша тоқтатып, келіссөздерге мүмкіндік бергенін айтты. Оның сөзінше, мұндай шешім арағайын елдердің өтініші мен дипломатиялық арналарды сақтап қалу мақсатында қабылданған. 

«Егер келіссөздер нәтиже бермесе, өте қуатты әскери әрекетке барамыз», – деді АҚШ президенті. Оның айтуынша, келіссөздерді уақытша жалғастыру туралы шешімнен «ештеңе ұтқан да, жоғалтқан да жоқ». 

Басылымның мәліметінше, Ақ үй Иранмен жаңа келіссөздер арқылы Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын толық қалпына келтіруді және Иранның ядролық бағдарламасына қатысты жаңа кешенді келісімге қол жеткізуді көздеп отыр. Сонымен қатар Вашингтон әскери қысымды толық тоқтатпағанын, қажет болған жағдайда күш қолдануға дайын екенін көрсетіп отыр. 

Бұл мәлімдеме АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери іс-қимылдарына уақытша үзіліс жарияланған кезеңде айтылды. The Wall Street Journal мәліметінше, әскери операцияны уақытша тоқтатуға АҚШ-тың әуе қорғанысы зымырандарының қорының азаюы және дипломатиялық жолмен мәселені шешуге мүмкіндік беру ықпал еткен. Сонымен бірге АҚШ Орталық қолбасшылығы Иранға қарсы әскери жоспарларды әзір күйде ұстап отыр. 

Алайда Иран тарапы әзірге Вашингтонмен келіссөздерді қайта бастау туралы өтініш жасамағанын мәлімдеді. Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бағаидің айтуынша, АҚШ-пен жаңа келіссөздер жөнінде ешқандай бастама көтерілген жоқ. Сондай-ақ Тегеран Ормуз бұғазындағы жағдай өзгермегенін және оны бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді. 

Сарапшылардың пікірінше, Трамптың бұл мәлімдемесі АҚШ-тың дипломатиялық арналарды ашық қалдырғанымен, Иранға әскери қысым тетіктерінен бас тартпайтынын көрсетеді. Алдағы күндері Ақ үйде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен өтетін кездесу барысында Иран мәселесі негізгі тақырыптардың бірі болуы мүмкін.