Трамп Иранға бұрын-соңды болмаған экономикалық блокада жариялады

Трамп Иранға бұрын-соңды болмаған экономикалық блокада жариялады
Дональд Трамп. Фото: Peter Kramer/NBC via Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы тарихтағы ең қатаң экономикалық шараларды енгізетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, Тегеран Вашингтонмен келісім жасау мүмкіндігін пайдаланбаған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

«Ислам Республикасына келісім жасау үшін менен артық мүмкіндік берген ешбір мемлекет болған жоқ. Өкінішке қарай, олар бұл мүмкіндікті пайдаланбады. Сондықтан бүгін мен қандай да бір елге қарсы бұрын-соңды жүргізілген ең күйреткіш экономикалық операцияны жариялаймын», – деді Ақ үй басшысы.

Трамп енгізілетін шектеулердің тек Иранға ғана емес, оған қолдау көрсететін елдерге де әсер ететінін ескертті. Оның сөзінше, банктері, компаниялары, әуежайлары немесе мемлекеттік құрылымдары арқылы Тегеранға көмек көрсеткен кез келген мемлекет «орасан зор экономикалық салдарға» тап болады.

АҚШ президенті мұнай контрабандасын, қаржылық своп операцияларын, валюта айырбастау орындарының жұмысын, кемелерді тіркеу қызметін және жалған компаниялар арқылы жүргізілетін операцияларды тоқтатуға шақырды.

Сондай-ақ ол АҚШ одақтастарын Иранды халықаралық оқшаулауға қосылуға үндеді.

«Бұл – экономикалық D-Day болады. Иран ешқашан ядролық қаруға ие болмайды», – деп жазды Трамп.

Ақ үй басшысының пікірінше, қазіргі уақытта Иран ауыр жағдайда тұр. Ол Иран флотының жойылғанын, әскери-әуе күштерінің талқандалғанын, әскери зауыттардың қирағанын және ұлттық валютаның құнсызданғанын мәлімдеді.

Бұған дейін Трамп Ормуз бұғазы АҚШ туының түстерімен белгіленген картаны жариялап, оны «АҚШ-тың жаңа аумағы» деп атаған еді. Кейінірек оның бұл мәлімдемесі аумақтың құқықтық мәртебесін өзгертуге қатысты емес, тек саяси ұстанымын білдіру мақсатында жасалғаны белгілі болды.

Өз кезегінде Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади Ормуз бұғазын әлеуметтік желідегі жазбамен немесе біржақты бұйрықпен иелену мүмкін еместігін айтты.

Еске салайық, бұған дейін Трамп Ормуз бұғазы ашылмаса, АҚШ Иранға ауыр соққы жасайтынын ескерткен болатын