Тойға жалдаған асабаңыз алған ақшасын ақтады ма?

Dalanews 16 там. 2016 05:31 1147

«Тойдың сәні – асаба» деген заманауи мәтелді естіген боларсыз? Айтылған сөздің жаны бар. Өйткені бүгінгі той бұрынғы тойлардан өзгерек.

Уақыттың талабы солай ма, әлде халық тым талғампаз болып кеткен бе, әйтеуір қазіргі тойлар асабаға толықтай тәуелді болып қалған. Жұрт айтқандай «өмірде бір-ақ рет болатын» тойдың кімге де болса қызықты, мәнді-мағыналы өткені керек.

Ал осы мәселенің бәрі түбінде асабаның пайым-парасатына, тәжірибесі мен дарынына тікелей қатыстылығын ескерсек, оларға деген сұраныстың да жоғары екенін байқаймыз.

«Әннің де естісі бар, есері бар». Дәл сол сияқты асабаның да түр-түрі болады (естісі де, есері де) екен. Оны біз кешегі сенбіде Шымкент қаласындағы «Екі жұлдыз» салтанат сарайында өткен үйлену тойынан байқап қайттық.

Қаншама жылдан бері қызмет бабымен өзге қалада тұрып, зейнеткерлікке шыққан соң елге қоныс аударған бір туысымыз ұлын үйлендірді. «Апыр-ай, пәленше елге келіп, ағайын-туыстың басын қосып той жасағалы жатыр екен», «Ойбай, не дейсің, тойына анау-мынау емес, Туканы («Алдараспан» театрының директоры Нұржан Төлендиевті) тамада етіп жалдапты» деген әңгімелер той күні белгіленген сәттен бастап тума-туыстың арасында айтылып жатты. «Құдай қаласа, тойға барамыз, Тука басқарған тойды көріп қайтпаймыз ба?» – дегендер де болды арасында.

Қош, сонымен не керек, көптен күткен той күні де келіп жетті. Жұрт той сағынып қалған ба, әлде Тука асабадан ұялды ма, әйтеуір бәрі айтылған уақытта жинала қалды. Қысқасы, көптен күткен той басталды. Жұрттың назары да, бар ынта-ықыласы да танымал асабада. Біз де оның әр айтқан сөзіне мән бере тыңдадық.

Бірақ, өкінішке қарай, жұрт қанша айдан бері асыға күткен, ел аузында жүрген асабаның бұл күнгі тойға дайындығы аз болды ма, әлде оның той басқаратын қабілеті осы деңгейде ме, әйтеуір той біз ойлағандай қызық болмады. Дәлірек айтсақ, асаба қызықтыра алмады.

Ә дегеннен нағашы жұртқа сөз кезегін беруге ортаға шыққан Нұржан асаба: «Мына тізімнің бәрін оқуым керек пе? «Нағашылар» деп шақыра берсем қайтеді, а? Общий нағашылар, ортаға келіңіздер!» – деп микрофонмен бүкіл залға айқай салғаны жинал­ған жұртты таң-тамаша етті.

Ол ол ма, әлден уақытта билеп жүрген қыздардың соңынан қарап: «Айхай, айхай-ой, мына құстардың біреуін атып алсам қалай болар екен?» – деп, жұртты күлдірмек болды. Бірақ оған жұрт күлмеді, керісінше: «Мынау не оттап тұр? Ішіп алған ба?» – дегендер көп болды.

...Тағы бір тойдан көргенімізді, көңілге түйгенімізді айта отырайық. Асаба ойын ойнатам деп «свежий» құдаларды ортаға шығарды. Ойын шарты бойынша құдалар бір-біріне шапан жабуы керек екен. Жабылатын шапан – үстеріндегі костюмі. Сол жерде костюм ауысты. Қапсағай денелі құданың киімі шынашақтай құдаға расында шапан боп киіле қалды да, керісінше, кішкентай костюм киген жігіт ағасының тұрысы жұртқа күлкілі көрінді.

Асабаның келесі ойыны тіпті сорақы екен. «Аға, қыз алуға келдіңіз. Енді сонау есіктің алдына барып, төрге дейін атпен шауып келіңіз де, құдамен төс түйістіріңіз», – деді «айды аспанға шығарған» асаба. Шағын денелі кісінің кең костюмі далақтап, балаға ұқсап санын шапалақтап есіктен төрге дейін шауып келгенін елестетіңізші. Асаба мұнысымен қоймай, ат боп шапқан ағасын: «Мынауыңыз ат емес, есек қой, қайта жүгіріңіз», – деп дүйім жұрттың алдында тағы масқара етті.

Біраз уақыттан соң Ташкенттен келген биші қыздарға қарап бар даусымен: «Көйләгинин етәги желман биргә учади, жел көтәргән етәкни мен көтәрсәм нетәди?» – деп тағы да жұрттың ашу-ызасын туғызды.

Осы жерде айта кеткен жөн шығар, Нұржан Төлендиев әу баста сенбі күні болған тойда қызмет көрсеткені үшін 600 мың теңге сұраған екен. Тойға бір апта қалғанда: «Тапсырыс көп, одан да жоғары баға ұсынып жатқандар бар. Сондықтан келіссеңіздер, 700 мың беріңіздер, болмаса басқа асаба табыңыздар», – депті. Амал жоқ, ел-жұртқа тойымызды Тука басқарады деп айтып қойған туысымыз 700 мың теңге төлеуге мәжбүр болған. Той соңында туысымыздың анасы: «Мына Тука дегенге түк те риза болмадым. Атағының жер жарғанын қайтейін, жиналған жұртқа әдемі әзілін айтып, жұртқа жақсы көңіл-күй сыйлай алмады», – деп ренжіп тұрды.

Бұдан шығар қорытынды, біздің халық мақтанғанды тым ұнатады, оны мойындауға тиіспіз. Біреулер тойды жүргізе алсын, алмасын елге танымал адамды таңдайды. Бұл ретте телеэкраннан түспейтін «тұлғалардың» дәурені жүріп тұрғаны рас. «Пәленшенің тойын әлгі түгенше жүргізді» дегеннің өзі той иелерінің мәртебесін көте­ретіндей.

Қазір тойдың қызып тұрған шағы. Бәлкім сіз де таяуда той істейтін болып, асаба таңдап жүрген боларсыз. Айтарымыз, таңдау жасауда асығыстық танытпаңыз. Таңдаған асабаңыз сіздің қонақтарыңыздың талғамына сай келе ме, осыны әбден анықтап алыңыз. Ал енді тамадаңызды таңдап болсаңыз, міндетті түрде бір-екі мәрте жолығып, өзімен танысып-білісіп, жай-жапсарды түсіндіріп, ой-пікір алмасыңыз. Тойда бейәдеп әңгіме, анайы қалжың айтылмауы керек екенін қатаң ескертіңіз. Асаба – дәм иесі мен қонақтың арасындағы дәнекер. Жиылған жұртқа той иесінің пейілін, ниетін, сезімін, сөзін жеткізуші. Сол себепті де той қамына кіріскен ағайын асаба мәселесіне аса жеңіл қарамаса екен.

 

Р.S. Біз бұл жерде Нұржан Төлендиевті жамандайын деп отыр­ған жоқпыз. Тек оның алған еңбек­ақысына  сай қызмет көрсеткенін, көңілдерге кірбің түсірмегенін қалаймыз. Ал егер Нұржан бауырымыздың бұл орайда айтар қандай да бір уәжі болса, біз оны да газет бетінде жария­лауға дайынбыз.

 

Г. ХАЛЫҚҚЫЗЫ

 

Дереккөзі: zamana.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар