"Қайырлы кеш" бағдарламасына берген сұхбатында тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров көпшілік біле бермейтін қызықты естеліктерін бөлісті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ғарышкердің айтуынша, ол ғарыш сапарына шыққанда өзімен бірге рухани әрі жеке маңызы бар бірнеше затты ала барған.
"Мен өзіммен бірнеше заттар алып кеткен едім. Бірінші құран сүрелерін, сосын Қорқыт атамыздың жатқан жерінен топырақ алдым. Арнайы қапшық жасатып, соған сол топырақтан салып алдым. Ешкімге айтпай, өз әйелімнің карточкасын алып кеттім. Кейін оралған соң әйеліме "Таня, сен де ғарышта болдың" дедім. Ол "қалайша" деп түсінбеді. Мен оған карточканы көрсеттім. Сенің карточкаңда "Ғарыш кемесі" деген мөр басылған", – дейді Тоқтар Әубәкіров.
Айта кетейік, Тоқтар Әубәкіров – қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер. Ол 1991 жылдың 2 қазанында "Союз ТМ-13" ғарыш кемесімен көкке көтеріліп, орбитада сегіз тәулікке жуық ғылыми зерттеулер жүргізген.