Тоқаевтан сөгіс алған Бөлекбаев "қағазда бәрі дұрыс болған" деп ақталды

Көркем Алдабергенова 06 қар. 2024 19:15 1364

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаев Саран қаласындағы жылу беру мәселесіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеп.

СКК-де өткен брифингте Ulysmedia тілшісі әкімнен үкіметте жаз мезгілінен бастап жылыту маусымына дайындық туралы айтылып келе жатқанын атап өтіп, қалада мұндай төтенше жағдай қалай болғанын түсіндіруін сұрады.

Әкімнің айтуынша, бұған дейін Сарандағы қазандықты "суық режимде" тексеру мүмкін болмаған.

«Мен сіздерге техникалық тілмен түсіндіріп көрейін. Қазандық салынған, ол тұр. Құрылыс аяқталған кезде суық режимде тексеру жүргізіледі. Бұл кезде қазандық жанбайды, суық режимде тексеріледі.

Тексеру кезінде бәрі дұрыс болып көрінді. Одан кейін оны іске қосады. Жазда қосу қажет емес, өйткені жазда жылу қажет емес. Сондықтан оны қазан айында іске қосты», – деді әкім.

Сондай-ақ ол Сарандағы қазандықта сорғыға байланысты мәселе туғанын, ал жергілікті әкім ЖЭС бақылауда деп есеп бергенін жеткізді.

«Мен қазір ғана мәселе сорғылық жабдыққа қатысты болғанын айттым. Мәселе қазандықтарда емес, сорғыларда болды. Біз мәселені анықтағанша, ақау болып үлгерді. Сол себепті жергілікті қазандықтарға ауыстырдық. Қазір бізде жергілікті және орталық қазандықтар жұмыс істеп тұр.

Қаланың бұрынғы әкімі осы жағдай үшін тікелей жауапты. Жиындарда және кеңестерде бәрі дұрыс, барлығы жұмыс істеп тұр деп үнемі есеп берілген болатын», – деді Бөлекбаев.

Еске салайық,1 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа қатаң сөгіс берді.

Бұл туралы Президенттің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады. 

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жылыту маусымына дайындық жұмыстарына тиісінше бақылау жасамағаны үшін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа сөгіс берді", - деді Берік Уәли. 

Айта кетейік, Ермағанбет Бөлекбаев Қарағанды облысын 2022 жылғы 8 желтоқсаннан бастап басқарып келе жатыр. Ол облысты басқарғанға дейін Қарағанды қаласының әкімі болған. 

Еске салайық,премьер Олжас Бектенов қазанның ортасында Сарандағы пәтерлердің жылыту маусымына дайын еместігіне көңілі толмай, бұл жағдай үшін жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тартуға пәрмен берген еді.

Бұл оның жергілікті атқарушы билікке бағытталған елеулі және қатқыл ескертуі еді. Бектеновтің айтуынша, бұл мәселе қала әкімі мен облыс басшылығының бақылауының нашарлығынан туындаған.

Жылыту маусымына дайындық туралы жалған мәлімет берген әрбір жауапты адам тексеріліп, заң жүзінде жауапкершілікке тартылатыны алдын ала айтылған болатын. Дәл осы жағдай жергілікті әкімдер үшін жеке жауапкершіліктің қажеттілігін айқындап отыр.

Кейін, 28 қазанда, Саран әкіміне қатаң ескерту жарияланған кезде, көпшілік Баулықовтың тек сөгіспен құтылады деп пайымдаған еді.

Алайда, Үкімет басшысына бұл жаза жеткіліксіз болып көрінді.

Осылайша 30 қазанда Саран әкімі Еркін Баулықов жылу беру маусымының басталуында жіберген олқылықтары үшін қызметінен босатылған еді. Қазан айының ортасында құрылысы 10 жылға созылып, биыл салынып біткен жаңа орталық қазандықтағы ақауларға байланысты Сарандағы 168 үй жылусыз қалған болатын.

"Қарағанды облысы әкімінің өкімімен Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов қалада жылу беру маусымының басталуында олқылық жібергені үшін атқаратын қызметінен босатылды", - деп хабарлады Қарағанды облысының әкімдігі.

Ол бұл қызметті бір жылдан астам ғана уақыт атқарды.

Енді қала басшысы міндетін уақытша осыған дейін Саран әкімінің орынбасары болған Мақсат Қайрешов атқаратын болды.

Саран тұрғындарының жылусыз қалуына қатысты Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр да пікір білдірген еді. Оның сөзінше, Саран қаласының әкімдігі жаңа қазандықты іске қосу кезінде апат болған жағдайда резервтік қуаттарды қарастырмаған.

"Әкімдіктің кінәсі олардың қосалқы қазандықты әзірлемегенінде. Республикалық бюджеттен 9 млрд теңге бөлінген, жаңа қазандықты тамыз айында сынап көріп, ол жұмыс істеп кетеді деп сеніп қалған. Алайда резервті сақтап отыру керек еді. Әрине, мұндайға жол беруге болмайды", - деді Скляр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар