Тоқаев Зеленскийді жеке құттықтаған басшылардың бірі - саясаттанушы

Көркем Алдабергенова 25 там. 2025 09:27

Белгілі ресейлік саясаттанушы Аркадий Дубнов Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Украина тәуелсіздік күніне байланысты жолдаған құттықтауына пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Саясаттанушының айтуынша, мұндай қадам айрықша батылдықтың белгісі. Өйткені ТМД-дағы мемлекет басшыларының көбі Киевті жеке құттықтаудан тартынып, тек «украин халқына» деген ресми жолдаулармен шектелген.

"Тек екі лидер – Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украина президенті Владимир Зеленскийді жеке құттықтауға шешім қабылдады", – деді Дубнов.

Сарапшы 1991 жылғы оқиғаларды еске түсірді. Оның айтуынша, 24 тамыз күні, ГКЧП төңкерісі сәтсіз аяқталғаннан кейін, Киевте Украин КСР Жоғарғы кеңесінің кезектен тыс сессиясы өтіп, Украина тәуелсіздігі туралы Акт қабылданды.

"Дебаттар ұзаққа созылды, бірақ құжаттағы тұжырым ерекше болды: "Мемлекеттік төңкеріс салдарынан Украинаға төнген өлім қатері". Бұл формулировканы диссидент Левко Лукьяненко ұсынды", – деп еске алды Дубнов.

Лукьяненко кезінде Кеңес сотымен ату жазасына кесіліп, кейін 15 жыл лагерьде отырған. Оның ұсынысы тарихи тұрғыда КСРО-мен түбегейлі ажырасуды бекітті. Ал 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен референдумда украиндердің 90%-ы тәуелсіздікті қолдап, бұл Беловеж келісімдеріне тікелей жол ашты.

Дубнов Тоқаевтың құттықтауын дипломатиялық тұрғыдан да маңызды деп бағалады. Ол атап өткендей, құттықтаудың алдында Тоқаев пен Франция президенті Эмманюэль Макрон арасында телефон арқылы сөйлесу өткен. Әңгімеде Украинадағы соғыс та қозғалғанымен, Ақорданың ресми хабарламасында бұл тақырып көрсетілмеген.

"Президент Тоқаев тағы да соғысып жатқан тараптардың ешқайсысына біржақты бет бұрмайтынын дәлелдеді. Ол Украина президентін жеке құттықтап, өзінің дипломатиялық ұстанымын көрсетті. Мен мұны қолдаймын", – деп түйіндеді саясаттанушы.

Айта кетейік, 24 тамызда Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Зеленскийге Украина халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, ресми телеграмма жолдады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар