Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ялла» ансамблінің көркемдік жетекшісі Фаррух Закировке 80 жасқа толуына орай құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Dala News.
Мемлекет басшысы өнер иесінің шығармашылығын жоғары бағалап, оның таланты мен еңбегі миллиондаған тыңдарманның ықыласына ие болғанын атап өтті.
«Тума талантыңыздың, сарқылмас күш-қуатыңыз бен ерекше еңбекқорлығыңыздың арқасында шығармашылығыңызға тәнті миллиондаған тыңдарманның ықыласына бөлендіңіз. Сіздің өнеріңіз жылдар бойы бірнеше буын ұрпақ пен халықтарды баурады. Қазақстанда қайталанбас дауысыңызды және тұтас дәуірдің мәдени феноменіне айналған әйгілі «Ялла» ансамблінің орындауындағы танымал әндерді жақсы көреді», – делінген жеделхатта.
Сонымен қатар Президент мәдениет пен музыка өнерін дамытуға, халықтар арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Закировті ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
