Тоқаев: «Халықтық құрылыс» бағдарламасына үш жылда 6,5 трлн теңге бөлінеді

Тоқаев: «Халықтық құрылыс» бағдарламасына үш жылда 6,5 трлн теңге бөлінеді
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында «Халықтық құрылыс» бағдарламасының маңызына тоқталып, алдағы үш жылда Ұлттық қордан осы жобаға 6,5 трлн теңге бөлінетінін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Президенттің айтуынша, 2027 жыл «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» болады. Осы кезеңде Қазақстанда әлеуметтік нысандар, өндіріс орындары мен көлік инфрақұрылымы кеңінен дамытылады.

Атап айтқанда, еліміздің әр өңірінде балабақшалар, мектептер, кітапханалар, ауруханалар, емханалар, оңалту орталықтары мен спорт нысандары салынады. Сонымен қатар жолдар, вокзалдар, әуежайлар және жаңа өндіріс орындары бой көтереді.

Мемлекет басшысы ауқымды құрылыс жұмыстары мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға және отандық кәсіпкерлерге қосымша мүмкіндік беруге жол ашатынын атап өтті.

«Тәуелсіз Қазақстанның төл тарихында мұндай ауқымды жоба бұрын-соңды болған емес. «Халықтық құрылыс» – мазмұны кең, мән-мағынасы терең нағыз халықтық жоба. Біз ел игілігіне қызмет ететін нысандар салып, тұтас мемлекетіміздің келбетін жаңартамыз, бүкіл ұлтымыздың сана-сезіміне серпін береміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, келешек ұрпаққа қаржы активтерін ғана емес, халықтың игілігіне қызмет ететін нақты әлеуметтік нысандарды қалдыру маңызды.

«Құрылыспен айналысу – жасампаздыққа, жаңашылдыққа ұмтылу. Сондықтан «Құрылыс және тағы да құрылыс» деген бір ауыз сөз жаңғыру жолына түскен Қазақстанның мызғымас қағидаты, жалпыұлттық ұраны болуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент «Халықтық құрылыс» жобасы ел азаматтарын ортақ мақсат пен мүдде төңірегіне біріктіретінін айтты.

Ұлттық қордан бөлінетін 6,5 трлн теңгенің тиімді әрі ашық жұмсалуын арнайы комиссия бақылайды. Тоқаев комиссия мүшелеріне қойылатын басты талап – жұмысты даңғазасыз, жоғары кәсіби деңгейде және нәтижелі атқару екенін атап өтті.