Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Халықаралық балаларды қорғау күні құтты болсын! Жас ұрпақтың құқығын қорғау, денсаулығын сақтау және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау – жалпыұлттық мақсат және конституциялық міндет. Ауызбіршілігі мықты, тату-тәтті отбасы – бақытты балалық шақтың арқауы. Сондықтан отбасы құндылықтарын қорғау жаңа Конституцияның аса маңызды нормасының бірі ретінде айқындалды. Өскелең ұрпақтың жасампаздық рухы орасан зор", – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық балалардың білімде, спортта және өнерде жоғары жетістіктерге жетіп жүргеніне назар аударды.
"Менің бастамаммен қолға алынған "Ұлттық қор – балаларға" жобасы аясында мемлекет тарапынан әрбір балаға қамқорлық жасалып жатыр. Биыл "Қазақстан балалары" тұжырымдамасы іске асырыла бастады. Жас буынды қолдау әрдайым еліміздің, яғни Әділетті және Озық Қазақстанның басты назарында болады", – деп жазды Президент Instagram парақшасында.