Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Құрбановты қабылдады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кездесуде Президент Қазақстанның волонтерлік бастамаларын қолдағаны және Астанада өтіп жатқан ТМД волонтерлер форумына қатысқаны үшін Тойли Курбановқа алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда волонтерлік қозғалысты дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституцияда волонтерлік қызметті ынталандыру алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілген.
«Біз еріктілікті мемлекеттік саясат тұрғысынан шынайы патриотизмнің және жастарға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың көрінісі ретінде қарастырамыз. Менің бастамаммен жаңа Конституцияға волонтерлік қағидалары енгізілді», - деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Халықаралық еріктілер жылы аясында Қазақстанда мыңнан астам іс-шара өткізіліп жатыр. Елдегі волонтерлер саны 300 мыңға жуықтаған.
Қазір волонтерлік қозғалысты 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Сонымен қатар волонтердің цифрлық паспорты енгізіліп, мемлекеттік қолдау тетіктері мен өңірлік инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.
Тойли Курбанов Қазақстан мен БҰҰ Еріктілер бағдарламасы арасында жоғары деңгейдегі ынтымақтастық орнағанын атап өтіп, волонтерлік қозғалысты дамытуға көрсетіп отырған қолдауы үшін Президентке алғыс білдірді.
«Қазақстан волонтерлік қызмет саласында үлкен биіктерді бағындырған бірегей ел. Қазақстанның Еріктілер жылын жариялау жөніндегі бастамасын 60-тан астам мемлекет қолдады. Сіздер жаһандық тренд қалыптастырып жатырсыздар. «Таза Қазақстан» сияқты қоғамдық акцияларыңыз бірқатар елде үлкен қызығушылық тудыруда», - деді БҰҰ өкілі.