Тоқаев Украинадағы жағдайдың ушығуына байланысты шұғыл тапсырма берді

Қаракөз Амантай 22 қар. 2024 09:15 87

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты Үкіметке, Президент әкімшілігінің басшысына және күштік құрылымдардың жетекшілері мен барлық әкімге негізгі әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы президент кеңесшісі-баспасөз хатшысы Берік Уәли facebook-парақшасында жазды.

“Парламент палаталарының төрағалары қабылданып жатқан іс-қимыл туралы хабардар етілді.

Президент еліміздегі жағдайды өз бақылауында ұстап отыр.

Біздің еліміз үшін басты стратегиялық мақсат – тұрақтылықты, тыныштықты, заң мен тәртіп үстемдігін сақтау.

Қазақстан славян екі халық арасындағы қақтығысты келіссөз арқылы тоқтату қажет екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын”, – деп жазды ол.

Еске салайық, күні кеше Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы қақтығыстың ғаламдық сипатқа ие болғанын мәлімдеген еді.

Осылайша Ресей президенті Украинамен қазіргі қарым-қатынастың жағдайын сипаттады. Бұған дейін ол Украина 19 және 21 қарашада Курск және Брянск облыстарындағы нысандарға батыстық зымырандармен соққы жасағанын растаған еді.

Оның айтуынша, Ресей күштері бұған жауап ретінде соққы берген, оның ішінде тәжірибелік қару қолданылған. РФ “Орешник” ядролық емес гипердыбыстық баллистикалық зымыранмен Оңтүстік машина жасау зауытына және Украинаның қорғаныс-өнеркәсіптік кешенінің нысанына біріктірілген соққы жасаған.

Путин Ресей эскалацияға жауап беретінін және өзінің нысандарына шетелдік қаруды қолдануға рұқсат берген елдердің нысандарына қару қолдануға құқығы бар деп есептейтінін атап өтті.

Сонымен қатар, ол Ресей “Орешник” сияқты жүйелермен соққы жасайтын кезде Украинаның бейбіт тұрғындарына қауіпті аймақты алдын ала тастап шығуды ұсынатынын айтты.

Қорыта айтқанда Путин мәлімдемесінде: 

  • "Украина Батыстың алысты көздейтін зымырандарымен Ресейге соққы жасады"
  • "Курскі және Брянскі облыстарына қарата америкалық ATACMS-тар атылды. Бірақ олар көздеген мақсаттарына жетпеді. Біздің ӘШҚҚЖ қағып түсірді"
  • "Онан соң Ұлыбританияның алысты көздейтін Storm Shadow зымырандары атылды. Олар да нәтижесіз болды"
  • "Мамандар біледі. Бұл зымырандарды Батыстың, өндіруші елдің көмегінсіз ату мүмкін емес"
  • "Біз ескерттік. Алғаш рет заманауи һәм теңдессіз континентаралық “Орешник” балистикалық зымыранымен Украинаның Днепріне соққы жасадық. Бұл біздің жауабымыз!"
  • "Біз осы және осындай жаңа әрі заманауи зымырандарды қолданарда халыққа алдын ала ескертеміз!"
  • "Бұл жолы біз ядролық оқтұмсықтар қолданбадық"

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар