“Қазмұнайгаз” ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов “Өзенмұнайгаз” кәсіпорнының Бұрғылау басқармасы жұмысшыларының ереуілден кейінгі жағдайы мен олардың жұмысқа қайта оралу мерзімі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
БАҚ өкілдері ереуілге шыққан жұмысшылардың талаптары орындалмаған жағдайда олардың болашағы қандай болатынын сұрады.
“Қазіргі деректерге сәйкес, ереуілге қатысқан 160 адамның 19-ы жұмысқа оралды, ал 141-і әлі шыққан жоқ. Жалпы алғанда, “Өзенмұнайгазда” 4770 қызметкер бар, олардың ішінде 4630 адам жұмыс істеп жатыр. Біз жұмысшыларға ешқандай нақты мерзім қойып отырған жоқпыз, тек түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Оларға акцияның заңсыз екенін айтып, міндеттерін толық орындауға шақырып отырмыз”, – деді Хасенов.
Сонымен қатар журналистер ереуілге қатысушылар жұмыс берушінің тарапынан қысым көріп жатқанын мәлімдегенін айта отырып, соған байланысты ішкі тексерулердің жүргізіліп-жүргізілмей жатқанын сұрады.
“Қысым көрсету жағдайлары тіркелмеген. Бұл туралы ресми түрде мәлімдеймін. Біз ашық диалог режимінде жұмыс істеп, күн сайын қызметкерлермен кездесулер өткізіп келеміз. Бір ғана мекемеде 37 бірлестік пен 3 ірі кәсіподақ бар. Жұмысшыларға өз міндеттерін орындау қажет, ал егер қандай да бір ұсыныс немесе ескерту болса, біз оларды талқылауға және шешуге әрқашан дайынбыз”, – деп жауап берді Хасенов.