Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сыртқы сауда мен ақпараттық технологиялар саласына қатысты мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ол экономика саласын дамытуға септігін тигізетін негізгі әрекеттерді атады.
"Еліміздің аумағы арқылы өтетін көлік дәліздерін біртіндеп дамытып, сыртқы сауда айналымының ұлғайуына барынша жағдай жасауымыз керек. Сол үшін логистика орталықтары мен қоймалар салып, темір жол құрылысының қарқынын арттырамыз. Сондай-ақ теңіз тасымалының инфрақұрылымын жақсартып, өзгертуге ыңғайлы тариф саясатын жүргіземіз. Мұның бәрі еліміздің тұрған жерін барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Экономиканың көптеген саласын дамытуға септігін тигізеді",-деді Президент.
Сонымен қатар Тоқаев IT-технологиялар саласына да ерекше басымдық беріп, оны дамыту жолдарын қарастыруды ұсынды.
"Мен жақында "Қазақстан темір жолы" компаниясының Инновация орталығында болдым. Орталық қызметінің арқасында еңбек өнімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға мүмкіндік бететін озық технология осы салаға енгізіліп жатыр. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің білікті IT-мамандары жұмылдырылды. Темір жолдың өткізу қабілетінің артуы, жанар-жағармайдың үнемделуі және компания табысының көбеюі – цифрландыру ісінің нақты әрі көзге көрінетін нәтижесі. Цифрлы экожүйені осылай қалыптастыру керек. Үкімет осы жұмыстың ауқымын кеңейтіп, оны экономиканың барлық саласына енгізуге тиіс",-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.