Тоқаев Turkistan газетіне берген сұқбатында Путин мен Назарбаевтың кездесуі туралы айтты

Сағыныш Сардарова 05 қаң. 2026 09:19

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Turkistan газетіне берген көлемді сұхбаты жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

- Жаңа жыл қарсаңында Кремльде Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев Ресей басшысымен тағы да кездесті. Кремльге қарасты ақпарат құралдары бұл жайында кеңінен мәлімет таратты. Кездесу туралы көптеген пікір айтылып, өсек-аяң өрбіді. Тіпті, Қазақстанда 2029 жылы болатын билік транзиті туралы сөз қозғалыпты, Назарбаев Владимир Путиннің тікелей қолдауымен сол істе ең басты рөл атқарғысы келеді екен деген алып-қашпа әңгіме шықты. Сіз былтырғы сұхбатыңызда Тұңғыш президент партияның ірі қайраткері ретінде көп уақытын өткізген Мәскеуді сағынатын болар, сондықтан ол жаққа жиі барады деп түсіндірген едіңіз. Дегенмен, көптеген азамат сіздің осындай саммиттерге шынайы көзқарасыңызды білгісі келеді.

– Тұрақты түрде өткізіліп жүрген кездесулер бейресми сипатқа ие. Мұны Ресей президентінің өзі де атап өтеді. Таяуда өткен Санкт-Петербургтегі басқосуда Владимир Путин маған Нұрсұлтан Назарбаевты оның өтініп сұрауы бойынша қабылдайтынын айтқан еді.

Ресей президентінің ерекшелігі: ол достарымен және әріптестерімен жылы қарым-қатынас құра біледі. Жұмысы өте қарбалас болса да, сенбі күні Қазақстанның Тұңғыш президентімен асықпай әңгімелесуге уақытын бөлді. Ол Нұрсұлтан Назарбаевты Еуразиядағы ықпалдастық үдерісінің бастауында тұрған тәжірибелі саясаткер ретінде бағалайды. Ресей бұл үдерісте жетекші рөл атқарып отыр. Кремльдегі кездесу Владимир Путиннің адамгершілігі жоғары екенін көрсетеді.

Ондай әңгімелер барысында не айтылғаны маған қызық емес, бұл туралы ешқашан сұрақ қоймаймын.     

Ал, Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына келер болсақ, мен оны қазіргі қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған тұлға деп санайтынымды бірнеше рет айттым. Оның мемлекеттік институттарды және экономиканың нарықтық тетіктерін құру, жаңа астанамызды салу жолындағы еңбегін бәрі біледі. Өзіңізге мәлім, біз Қазақстанды Әділдік, Заң және Тәртіп орнаған ел еткіміз келеді. Сондықтан, ешкімді алаламай, әр азаматтың еңбегін әділ бағалау керек. Бұл еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да қатысты. 

– Ал билік транзиті туралы не айтасыз?

– Бұл жөнінде сөз қозғауға әлі ерте, алдымызда табанды жұмысқа толы бірнеше жыл бар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар