Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Қазақстандағы елшісі Файсал Әл-Кахтаниді қабылдап, екіжақты ынтымақтастықты күшейтуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dala News.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Сауд Арабиясымен стратегиялық әріптестікті дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті. Сондай-ақ ол Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманның халықаралық деңгейдегі рөлін жоғары бағалап, оны Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Өз кезегінде елші Файсал Әл-Кахтани екі ел арасындағы серіктестікті тереңдетуге қызығушылық бар екенін айтты. Оның сөзінше, инвестицияларды қорғау туралы келісім мен Координациялық кеңес құру өзара байланысты нығайта түседі.
Кездесу барысында тараптар аймақтық қауіпсіздік пен Таяу Шығыстағы ахуалды да талқылады. Қазақстан тарапы өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
