Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысында сөз сөйлеп, бүгінгі күннің Қазақстан тарихындағы айрықша маңызын атап өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі Парламенттің өкілеттігі аяқталып, ел жаңа Конституция негізіндегі мемлекеттік басқарудың жаңа кезеңіне қадам басады.
«Бүгінгі Парламент палаталарының бірлескен отырысының тарихи маңызы ерекше. Біз заң шығарушы органның кезекті сессиясын аяқтай отырып, тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тұтас бір дәуірдің қорытындысын шығарып отырмыз. Осылайша, тамыры терең тарихтан бастау алатын мемлекеттілігіміздің жаңа кезеңіне қадам басамыз. Ертең Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы ресми түрде күшіне енеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, жаңа Конституциямен бірге мемлекеттік билік жүйесі де өзгереді. Қос палаталы Парламенттің орнына Ұлттық құрылтай келеді.
Мемлекет басшысы бұл шешім Қазақстанның тарихи сабақтастығын айқындайтынын атап өтті.
«Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын елімізде алғашқы кәсіби Парламент құрылды. Жаңа институционалдық модельге көшкен заң шығарушы орган ширек ғасырдан астам уақыт ішінде мемлекеттілікті нығайтуға зор үлес қосты, еліміздің құқықтық негізін қалыптастыруда және нарықтық экономиканы орнықтыруда айрықша рөл атқарды. Осы 30 жыл ішінде шамамен 3,5 мың маңызды заң қабылданды. Оның әрбір оныншысының бастамашысы депутаттардың өздері болды», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің барлық шақырылымының депутаттарына алғыс айтып, қазіргі құрамның жұмысына жоғары баға берді.
«Осы тарихи сәтте Мәжіліс пен Сенаттың барлық шақырылымдағы депутаттарына елімізге адал әрі мінсіз қызмет еткені үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Әсіресе қазіргі Парламент құрамына ерекше алғыс айтамын. Сеніммен айта аламын, бұл шақырылым тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең мықты құрамдардың бірі болды», – деді Мемлекет басшысы.