Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан енгізілмек роялти тәртібі шикізатты ел ішінде терең өңдеуді ынталандырады деп санайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы бүгін өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 37-ші пленарлық отырысында айтты. Аталған тетік жаңа Салық кодексі жобасында қамтылған екен, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Тау-кен саласы – еліміздің өңдеу өнеркәсібінің негізгі тірегі болып қала береді. Қазақстан тау-кен өнеркәсібі мен металлургияның жаһандық маңызын түсіне отырып, инвесторларға ашық, жан-жақты заңнама арқылы тұрақты әрі қолайлы юрисдикция қалыптастырды. Жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесінде еліміздегі геологиялық барлау жұмыстарына әлемдік ірі ойыншылар – Rio Tinto, Fortescue, Ivanhoe, First Quantum және Tech Resources компаниялары келді. Жаңа Салық кодексінде шикізатты ел ішінде терең өңдеуді ынталандыратын роялти тәртібі қарастырылады. Еліміздің бай минералды-шикізаттық базасы, жер қойнауын пайдаланудағы заманауи заңнамасы мен ашық салық жүйесі жаһандық тізбектегі маңызды минералдарды жеткізу бойынша стратегиялық орнымызды қамтамасыз ететініне сенімдіміз", – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан теміржол саласына арналған машина жасау бойынша Wabtec, Alstom және Stadler компанияларымен табысты ынтымақтастық орнатқанын жеткізді. Атап айтқанда, Alstom компаниясы елімізде сервистік орталықтар салып, 2028 жылдан бастап локомотивтердің жаңа буынын шығаруды жоспарлап отыр. Wabtec компаниясы балама отынмен жүретін жылжымалы құрамға 200 миллион доллар инвестиция құйды. Ал Stadler Rail кәсіпорны өндірістік қуаты жылына 100 вагон шығаратын зауыт салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің жоғары әлеуетіне тоқталды. Еліміз егістікке және жайылымға жарамды жер көлемі жағынан әлемде алтыншы орынды иеленеді, сондай-ақ астық экспорты бойынша жетекші он мемлекеттің қатарына кіреді. Мемлекет басшысы PepsiCo, Fufeng Group және Dalian Hesheng сияқты шетелдік инвесторлардың табысты қызметін мысалға келтіріп, олардың жергілікті өнімге тұрақты сұраныс қалыптастырып, озық технологияларды енгізіп жатқанын айтты.